$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Болашаққа» салынған қаржы еселеп қайтады

AstanaTV
23.06.2021ж. 20:00
1494
«Болашаққа» салынған қаржы еселеп қайтады

«Болашаққа» салынған қаржы еселеп қайтады. Қазақстан даму банкінің дерегінше, «Болашақ» стипендиясымен білім алатындарға кететін шығын, үш еселеп қайтарылады. Қазір 14-мыңнан астам бағдарлама түлегі елдің дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүр. Әлемнің озық жоғары оқу орындарында білім алғандар мемлекеттік қызметтен бастап түрлі салада жұмыс істейді.

Қазақ жастарына қанат бітірген «Болашақ» бағдарламасы 1993-ші жылы Тұңғыш Президенттің қолдауымен құрылды. Жоба арқылы бүгінге дейін 14- мыңға жуық астам отандасымыз мұхит асып білім алды.

Болашақ түлектері ел дамуына жан-жақты үлес қосып жүр. Мәселен, Алматылық Ералы Сауранбаевтың қазір ірі құрылыс компаниясы бар. Мекеме түрлі әлеуметтік және мемлекеттік нысандар салумен айналысады. Ералы "Болашақ" арқылы Ұлыбританияның Дарем университінде білім алған.

Ералы САУРАНБАЕВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯНЫҢ БАСШЫСЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ:

Бағдарламадан кейін мына іштегі мотивация, мәдениет, жауапкершілік деген дүниелердің барлығы бәрі өзгереді. Мақсаттарың айқындала түседі. Өз-өзіңе сенімді боласың. Ең бірінші келісімшартым осы құрылыс саласында жасалды. Содан бері осы бағытта еңбек етудемін.

Халықаралық жоба жастардың білімін шыңдап, кәсіби біліктілігін арттырды. Инвестициялық компания басшысы Мұрат Ақынов бағдарламаның - жарқын болашаққа бастау болғанын айтады.

Мұрат АҚЫНОВ, ИНВЕСТИЦИЯЫҚ КОМПАНИЯ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ:

Бұрын осы салада жұмыс істеу маған қиынға соғатын. Халықаралық білімім жеткіліксіз болды. Тіл білмедім. Түрлі клиенттермен, инвесторларға ойымды ашық жеткізе алмайтынмын. Бағдарламаның арқасында Шотландияда тәлім алып, қабілетім шыңдалды.

Бүгінде бағдарлама түлектері білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында еңбек етіп жүр. Араларында бір-бір мекемені басқарып отырған басшылар да бар. Түлектер жүздеген ғылыми әзірлемелер дайындап, ірі жобаларды жүзеге асырған.

Арайлым ӘУКЕНОВА, АЛМАТЫ қ. «БОЛАШАҚ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Болашақ бағдарламасына біздің Елбасымызға үлкен алғысымды айтамын. Әлемдегі бірегей өзінің мақсаты мен тиімділігін дәлелдеген бағдарлама деп білемін. Себебі Болашақтықтар қайтіп келді. Барлығы Қазақстанның дамуына үлесін қосуда.

Қазір де 1200-ге жуық қазақстандық жас шетелде білім алып жатыр. Оның дені «Болашақ» бағдарламасымен кеткен. Қай елде болса да өз ұйымдарын құрып, бір-бірлеріне қолдау танытып жүр.

Ә. Лесбек