Ақтау қаласында 14 жастағы жеткіншек тоққа түсіп, көз жұмды. "Жедел жәрдем дәрігерлері дайындықпен келгенде жасөспірімді құтқаруға болар еді" дейді оқиға куәгерлері. Себебі, жедел жәрдем келген кезде бала әлі тірі болған. Ал шенеуніктер жасөспірім электр тоғынан қайтыс болғаны туралы болжамды айту әлі ерте, медициналық тексерістің қорытындысын күту керек дейді. Тақырыпты Ақбота Базарбай сабақтайды.
14 жасар жасөспірімнің өлімі жұртты дүр сілкіндірді. Куәгерлердің айтуынша, сегізінші сынып оқушысы мектеп қоршауынан секіріп өтпек болған. Бірақ қоршауға ілініп қалып, түсу үшін бір қолымен бағанды ұстаған. Шамы бар бағанға келіп тұрған қатты тоқтың күшінен бала жерге құлаған дейді. Көмекке көрші үйдің тұрғындары бірінші болып жетіпті.
Берік СӘРСЕМАЛИЕВ, КУӘГЕР:
Біз оны бірден төңкеріп, ауызбен жасанды дем салдық, ол бірден ентікті. Нақты дем ала бастады. Басқалар тағы жасады, оны көп рет жасау керек екен. Мен білген жоқпын. Жасанды дем беруді қайтадан жасадым. Жігіт оның аузына тағы үрледі, бала қайта тыныс ала бастады. Ол кезде жедел жәрдем әлі келмеген.
Армангүл ИВАНОВА, КУӘГЕР:
Реанимациялық жедел жәрдем көлігі келуі керек еді, егер ол келсе, баланы құтқару мүмкін еді. Оның орнына қарапайым жедел жәрдем келді, ол жерде электрлік шокер де, дәрі-дәрмектері де жоқ. Келген медициналық қызметкерлердің өздері алғашқы көмек көрсетуді де білмейді. Олар уақытты жоғалтты. Мен оларға «реанимация тобын шақырыңдар» деп айқайладым.
Бұл қайғылы оқиға коммуналдық саладағы біраз кемшіліктің бетін ашты дейді тұрғындар. Бір апта бұрын ғана сыртқы жарықтандыруға жауапты компания ауысқан екен. Электр желісінде ақау болды ма? Және ол қай басшының кезінде туындады? Оны арнайы комиссия анықтайды. Ал мекеме қызметкерлері өздерінің кінәсін жоққа шығаруда.
Әлібек МАХАМБЕТОВ, «АУЭС» МКК-ның БАС ИНЖЕНЕРІ:
– Өлім электр тоғының әсерінен болған дегенді жоққа шығарасыз ба?
– Иә. Мен оны жоққа шығарамын.
Қала әкімшілігі де асығыс қорытынды жасамауды сұрайды. Арнайы комиссия жасөспірім өлімінің себептерін анықтап жатыр.
Серік ГУСМАН, АҚТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Алдын-ала ақпарат бойынша бұл жерден екі мәселе көтеріліп отыр. Біріншісі дуалдан құлап, басына зақым келіп өлуі немесе қасындағы жарық беру бағанасы тоққа түсті деген күдік бар. Бірақ қазір түгел тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша қосымша ақпарат береміз.
Қала тұрғындары енді бұл тергеу объективті болса екен деп алаңдайды.
Армангүл ИВАНОВА, КУӘГЕР:
Полиция қызметкері бағанаға жақындап, оны осылай ұстап тұрып, бәріне «тоқ жоқ мұнда» деп айтты. Бірақ мен өзім қоршауға көтеріліп, бір қолыммен қоршауды, екінші қолыммен бағананы ұстадым. Сол кезде мені де тоқ соқты. Ол жерде тоқтың күші өте қатты. Баланы да сол тоқ өлтірді.
Тұрғындардың айтуынша, олар билікке электр сымдарының мүшкіл жағдайын әлеуметтік желі арқылы бірнеше рет жеткізген. Алайда, жауаптылар қайғылы оқиғадан кейін ғана қимылдай бастады дейді. Ал қапияда көз жұмған жеткіншектің өліміне бей-жай қарай алмаған қала халқы оқиға болған жерге ойыншықтар мен гүл шоқтарын әкеліп қоюда.
А. Базарбай