$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда "Дельта" штаммын жұқтырғандар саны күрт өсуде

AstanaTV
25.06.2021ж. 20:00
3116
Алматыда "Дельта" штаммын жұқтырғандар саны күрт өсуде

Алматы қайта қызыл аймаққа кіреді деген қауіп бар. Оған себеп- үнділік короновирус штамын жұқтырғандар санының күрт өсуі. Сонымен қатар, Үндістанда "Дельта плюс" штаммымен ауырған адамның алғашқы өлімі тіркелді. Вирусологтардың айтуынша жаңа штамм адамдар арасында өте жылдам тарайды. Тақырыпты Ақбота Базарбай тарқатады.

Өткен тәулік бойынша Алматы қаласында коронавирус жұқтырудың 181 жағдайы тіркелген. Үнділік «дельта» штаммы күннен күнге көбеюде. Алғашқы жағдай 21 маусымда тіркелген болса, онан кейінгі үш тәулікте 10 адамнан мутацияланған жаңа вирус анықталған. Сондықтан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев эпидемиологиялық жағдай тұрақтануына байланысты жабылған инфекциялық ауруханалардың кейбірі қайта ашылуы мүмкін екенін айтты.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жағдай күрделенетін болса, қаладағы үш салалы аурухананы қайтадан инфекциялық ауруханаға ауыстыруға жұмыс жүргізе бастадық. Біздің жобалауымыз бойынша, Алматы жақын күндері қайтадан "қызыл" аймаққа өтеді деген қауіп бар. Үнді штамы соған алып келе жатыр, мұны тоқтатудың жалғыз жолы - вакцина салдыру.

Алматы әкімі қалада жаңа шектеу шараларының енгізілетінін де ескертті. Қаулы жобасы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет комитетінің шешімі жарияланған бойда күшіне енеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, "дельта" штаммы әлемнің 92 елінде тіркелген. Ол Уханда табылған алғашқы штамға қарағанда екі есе жұқпалы. Бас ғылыми қызметкердің айтуынша, таралу жылдамдығына қарағанда, коронавирустың "дельта" нұсқасы әлемдегі ең қауіпті штаммға айналуы мүмкін.

Сумья СВАМИНАТАН, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Қазіргі уақытта ең болмағанда әлемде қолданылып жүрген вакцинаның көпшілігі ауыр сырқаттану жағдайының алдын алуда тиімді көрінеді. Ғалымдарға вирустың бұл нұсқасы туралы, сонымен қатар оған вакциналардың әсер етуі туралы көбірек дерек қажет.

Сондықтан елдер екпе салдыруды тұрғындарына міндеттеп жатыр. Мамандар «дельта плюс» Үндістанда инфекциялардың жаңа толқынын тудырады деп қорқады. Ал бұл үндістерді дүр сілкіндіруде. Пайда болған штаммға біздің қатысымыз жоқ дейді. Ақтау қаласының тұрғыны Вадодария ХИТЕШтің айтуынша Дельтаны Үндістан ойлап тапқан жоқ, сондықтан жұрт қате түсініп қалмауы үшін, мутацияланған вирусты өз атымен атаса дейді.

Вадодария ХИТЕШ, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен жәй базарға барғанмын. Сол базарда адам маған "сіз үндіссіз бе?" деп сұрады. Мен "иә" дегенде, "енді сендер үндістер келіп бізге вирустарыңды әкеліп жатырсыңдар, енді бізге локдаун жариялап, жауып тастайды" деп айтты. Мен айттым "бұл вирусты Үндістер ойлап тапқан жоқ, ол вирус тек бізде ғана емес басқа елдерден де шығып жатыр. Оның аты Үнділік емес, "Дельта" деп аталады" деп айттым. Мен өзімді өте ыңғайсыз сезіндім.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, екпелердің барлығы "Дельта" штамына қарсы тұра алады. Тек вакцинаның толық курсын қабылдау қажет. Ал екпе салдырған адам вирустық инфекцияны жұқтырса, ауру жеңіл өтеді. Вакцина алған халықтың саны бойынша Қазақстан халықаралық рейтингте 60- орыннан 42 -орынға көтерілді.

А. Базарбай