$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Дельта" штаммын балалар мен жүкті әйелдер жиі жұқтыруда

AstanaTV
02.07.2021ж. 20:00
2939
"Дельта" штаммын балалар мен жүкті әйелдер жиі жұқтыруда

Коронавирустың қауіпті "Дельта" штаммы Қазақстанның барлық қала-облыстарынан анықталды. Науқастардан алынған зертханалық үлгілердің 48,3 пайызы індеттің мутацияға ұшыраған барын көрсеткен. Сонымен бірге, аурудың инкубациялық кезеңі 5 күнге дейін қысқарды. Дәрігерлер кеселдің белгілері де күрт өзгергенін айтып отыр.  Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.

Елде эпид ахуал күрделене түсті. Әсіресе, елордада. Өткен тәулікте анықталған 2600-дей жағдайдың 764-і бас қалада тіркелді.  Денсаулық сақтау басқармасының өкілі  жедел жәрдем қызметінің  жүктемесі артқанын айтады.  Күніне 3 мыңнан астам қоңырау келіп түседі.  Ауруханалар толуға жақын.  Сондықтан алдағы уақытта тағы қосымша стационарлар ашылуы мүмкін дейді мамандар.

Әйгерім АРДАҚҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Төсек-орын жүктемесе артып барады. Тек екі-үш күн бұрын 70 пайыз болса, қазір 75 пайыз. Жалпы, бізде төсек-орын саны - 2141. Қазіргі таңда босы - 539. Денсаулық жағдайына қарап, қатты немесе өте ауыр түрде өтетін науқастарды жатқызамыз.

Елорда ауруханасында қазір 1 жарым мыңдай адам ем алып жатыр. Оның 113-і жансақтау бөлімінде. Құзырлы орындар вакцинациялауды күшейтті.  

Әйгерім АРДАҚҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Тәулігіне біз 5400-ден астам адам вакцинаның 1-компонентін салдырды. Вакцина аламан деп келгендерде кезек өте үлкен. Дәрігерлер 2 есе ауыртпашылықпен жұмыс істеп жатыр.

Вакциналау пункттерінде екпе алушылар саны расымен артқан. Барлық жерде ұзын кезек. Бұған бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы ықпал етті ме?

Кенжегүл НҰРАСЫЛҚЫЗЫ, ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІ ДӘРІГЕР:

Күніне осыдан бір апта бұрын, демалыс күндері 100-150 адам келетін. Басқа күндері 200-250 келетін. Қазір соңғы кездері тіпті көп келіп жатыр. Күніне 300-ден 400-ге дейін адам келеді.

БЛИЦ:

- Елдің бәрі салдырғаннан кейін салдырып жатырмыз бізде, ауырмайық деп.

- Өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін, бүкіл ел, дүниежүзі салдырып жатқан соң бізде салдыруымыз керек.


Ал, Алматыда коронавирустың ТӨРТІНШІ толқыны басталды. Қаланың бас санитарлық дәрігері бұл туралы  ресми  мәлімдеді. Себеп, әрине, "Дельта" штаммы. Жандарбек Бекшин COVID-19-дың мутацияланған түрін балалар мен жастар жиі  жұқтырып  жатқанын айтты. Өткен аптада 14 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттану 2,3%-ға өскен.

Жандарбек БЕКШИН, АЛМАТЫ қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біз қазір жұқтырғандар санының өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Вирустық ландшафтты зерттедік және анықталған 85 штаммның 67-сі дельта нұсқасы болды. Патоген өзгерген: британиялық альфа нұсқасы үнділік дельта нұсқасымен алмасты. Бұл жоғары жұқпалы мутацияланған штаммдар. Сондықтан тиісті шаралар қабылдап, шектеу үшін жаңа қаулы қабылдадық.

Айта кету керек, "Дельта" штаммының белгілері індеттің басқа формаларына мүлдем ұқсамайды. Науқастың іші  ауырып, буындары сырқырайды. Сондай-ақ адамның есту қабілетіне зақым келтіреді.   

А. Данияр