$520.93 €609.07 ₽6.68
×

«Ауадан ақша жасау». Виртуалды ақша. Bitcoin.

AstanaTV
02.09.2017ж. 20:00
12006
«Ауадан ақша жасау». Виртуалды ақша. Bitcoin.

  Сатқыңыз келіп жүрген көлігіңізді Bitcoin-ға саудалар ма едіңіз? Неге, неге? -дейсіз бе? Осы жазда Bitcoin нарығы кәдімгідей қызды. 1 Bitcoin 5 мың долларға дейін өсті. Біздің елімізде де қызығушылық артып келеді. Тіпті жаңа мен айтып отырғандай, көлігін осы бірлікке сататынын айтқан хабарландырулар да шықты. Bitcoin – цифрлық валюта. Тек интернет желісінде жұмыс істейді. Валюта эмиссиясы математикалық алгоритмдерді анықтайтын бағдарламаны пайдалана отырып әлем бойынша миллиондаған компьютерлер арасында жүреді. Bitcoin арқылы интернеттен кез-келген тауарды сатып алуға болады. Ең басты ерекшелігі – әлемде ешбір мекеме/банк Bitcoin-ды бақыламайды.Тығырыққа тіреп отырған мәселе осы – ешбір банк бақыламайтын қаржылық операция деген... алаяқтықтық болып шықпай ма? Алайда криптовалюта біздің уақыттың трендіне айналып барады. Сонымен фермасы бар майнерлер деген кім? Фермасы несі? – деп қалдыңыз ба? Иә, «ферма» десе тек малды елестететін уақыт өтіп барады.

Теңгені былай қойғанда, доллар, еуро секілді әлемдік валюталар ығысып қалуы мүмкін. Болашақта бұлардың барлығын криптовалюта ауыстыруы фантастика емес.  Криптовалюта деген не? Ол—электронды ақша. Криптовалютаның бірнеше түрі бар. Соның ішінде танымалы - биткойн. Ал биткойнды табу үшін күнделікті жұмысқа барудың қажеті жоқ. Белгілі бір операцияларды жасап, үйде отырып-ақ табыс табуға болады.  

Биткоинның негізгі құралы – майнинг. Жүйедегі тұтынушылардың транзакцияларын тексеретін құрал. Ал, осы қызметті орындайтындарды майнерлер деп атайды. Қазақша айтқанда ғаламтор кеншісі. Солардың бірі - Әділбек Шунгулов. Ол ай-ти маманы немесе вундеркинд емес, жоқ, қарапайым студент. Оған үш қайнаса сорпасы қосылмайтын хирург мамандығын игеріп жүр. Алғашқыда биржа қорында акцияларды сатып және сатып алумен айналысқан. Биржа қорынан гөрі биткойнның үлкен өзгерістерін аңғарған ол, кейін өзіне ферма құрап алып, қазір еш қиналмастан айына 150 мың теңге пайда табады. Бұл қалай жұмыс істейді? Ферма деген не құрал? Осымен қалай табыс табуға болады? Оны қазақстандық майнердің өзінен естиік.

Әділбек  Шунгулов, майнер:

Майнинг дегеніміз - ағылшын тілінен аударғанда добыча, яғни қазу. Шахтердың көмірді қазғаны сияқты. Мысалға, мен сізге бір биткойн жіберсем, біздің ағамыз оны криптографический код арқылы жазады және ол интернетке белгілі болады. Сол арқылы майнерлер ақша табады. Осы ферма бұл қарапайым ферма, бұнда АIMD 480 8 гигабайттық карта бар. Осындай ферманы 5-6 картаға толтыруға болады. Үйде қоссаңыз ол жұмыс істеп тұрады. Ең қызығы, настройка жасап, сосын сіздің кошелегыңызға виртуальный ақша келеді.

Алматыда биткойнмен сауда жасаушылардың артқаны байқалады. Виртуалды ақшаны тіпті жылжымайтын мүлік пен көліктеріне айырбастап жатқандар да жетерлік. Алматылық Дмитрий Лактюшин криптавалюта сатып алуды бір жыл бұрын бастаған. Ал, қазір өзінің «Ягуар» маркалы ескі көлігін  2,5  биткойнға айырбастамақ. Оны қалай өткізбек?

Дмитрий Лактюшин, Алматы қ. тұрғыны:

Өмірден алынған жағдай, 3 айдың ішінде 500 доллардан 30 мың доллар табыс табуға болады. Бұл еш қиналмастан әкелетін табыс. Негізі, адамдар қаржы нарығында бұған күдікпен, сенімсіздікпен қарайды. Алайда, барлығы осыны пайдалана бастағанда, бәрі де кеш болып кетеді. Ең басты мәнісі – тәуекелге бару мен бармауда.

Алайда сарапшылар мен экономист мамандар  бұл бағытқа қандай да бір  инвестиция салу тым қауіпті екенін айтып отыр. Себебі жаңашылдық енгізілген сәтті алаяқтардың  пайдаланып қалуға тырысатыны рас.  Ал алаяқтықты шын өмірден гөрі виртуалды әлемде жасау оңай.

Арман Байганов, экономист:

Егер майнинг криптовалюта бойынша айтсақ, олар инвестициялық компанияға салым салу керек деп, үлкен кіріс әкелетін нақты  сома мен санды айтады. Мысалға алсақ, жылдық 300 немесе 400 пайызды қояды. Түсіну қажет, майнинг - қаржылық тәуекел құралы. Ол халқаралық нарықтың тербелесіне тәуелді. Бұл жерде ешқандай инвестициялық компаниялар нақты кіріске кепілдік бермейді.

Экономист бұдан кіріс табуға болатынына да сенбейді. Сондықтан бұл виртуалды ақша табу көзіне кірмес бұрын, абайлаған жөн деп кеңес берді. 

Арман Байганов, экономист:

Маған да ондай алаяқтар поштама түрлі хабарламалар жібереді. Кейбіреулері арнайы сайт жасап, ол жерде бірнеше пакетті ұсынады. Егер сен 5000 долларға дейін салым салсаң, жылдық  пайыз 150. Егер сен 10 000 долларға салым жасасаң, жылдық пайызы 200.  Бұл жерде адамда күдік туу қажет. Барлық тіркелген майнинг, криптовалюта компаниялары шын компания емес. Сосын бұның екінші түрі бар ол шынайы өмірде туысыңыз немесе танысыңыз айтуы мүмкін, осындай инвестициялық компания бар, оған осындай қаржы көлемінде қаржы салу керек деп. Бұл адамдарды алаяқтардың торына түскендер деп санасаңыз болады.  Егер оған келіссеңіздер, сіз де құрбан боласыз. Бұны  пирамида деп атайды.

Әзірге ешбір заңдық құжат биткойндардың айналымын реттемейді. Айта кетсек, Ресейде биткойнды жеке тұлғаға сатуға тыйым салайын деп отыр. Ал, Қазақстан билігі криптовалюта жүйесін зерттеп біткен жоқ. Нақтырақ айтсақ, аталған жүйені реттейтін заңды «Астана» халықаралық қаржы орталығы дайындап жатыр, бірақ бізге комментарий бермеді. Ал заң қабылдағанға дейін виртуалды ақшамен операция жасап отырғандар ешқандай салық төлемейді. Турасын айтқанда ешбір заңға бағынбай жұмыс істеп жатыр.

Бақыт Сұлтанов,  ҚР Қаржы министрі:

Біз қазір криптовалютаны жан-жақты зерттеп жатырмыз. Ақпараттық технологиялық жағынан мұқият зерттеп барып енгізуді жоспарладық. Блокчейн жүйесін әкімшілік салық жағынан пайдалануды қарастырып отырмыз. Қазір шетелдік әріптестерімізбен де осы сұрақты талқылап жатырмыз.

Қазір әлемдік криптовалюта нарығы $160 млрдқа көтерілді.Оның ішінде биткойнның үлесі басым. Бұл туралы Coinmarketcap.com. сайтында шықты. Биткойнды Германияда кейбір кезде ақша бірлігі ретінде қарастырады. Ал, Жапон елінде төлем жасау құралы ретінде заңды түрде пайдаланады. Қытай банктерінде биткойнмен қандай бір операциялар жасауға рұқсат етілмеген.

Алматыда тіпті биткойн терминалдары пайда болған. Оларды бір кәсіпкерлер осыдан екі жыл бұрын екі сауда орталығына қойған. Бұл биткойнаматта  биткойндарды теңгемен сатып алуға болады. Биткойнның нарықтағы бағасына байланысты 5-7 пайызды комиссия биткойнаматтың әр операциясы үшін алынып отырады. Алайда, әзірге бұл терминалдарда биткойнды сатып, теңгеге алмастыру функциясы жұмыс істемейді. Келешекте бұл биткойн терминалдары Астана және Шымкент қалаларында да орнатылады деп жоспарланып отыр. Осы аптада әлемдегі ірі 6 банк жаңа криптовалюта енгізуге бел шешіп кіріскенін Financial Times хабарлады. Демек, виртуалды валюталар уақытша нәрсе емес сияқты. Оның уақыты туатынына алғышарттар жетіп тұр.

Диана Сапарқызы «Біздің уақыт».