Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Коронавирустың таралуын тоқтату мүмкін емес

AstanaTV
19.07.2021ж. 20:00
2470
Коронавирустың таралуын тоқтату мүмкін емес

Коронавирустың таралуын тоқтату мүмкін емес. Әлемдік тәжірибе осыны көрсетіп отыр. Қазақстанда да жағдай күрделі, тәулік сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Әсіресе, елордада кесел белең алып барады.

Осыған алаңдаушылық білдірген Мемлекет басшысы бүгін эпид ахуалға қатысты кеңес өткізді. Бұл жолы қандай кемшіліктер айтылды? Қай әкімнің сөзі мен ісі сәйкес келмейді? Әріптесім Асылбек Даниярдың материалында толығырақ.

Әкімдер емтиханнан өте алмады. Тең жартысы "үш" деген бағаға тапсырған. Айтып отырғанымыз білім сынағы емес,пандемия сабағы. Қауіпті індетпен алысып келе жатқанымызға  бір жылдан аса уақыт өтсе де кемшіліктер бітер емес. Соның бірі - дұрыс жабдықталмаған жедел жәрдем мәселесі.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жедел жәрдем тиісті құрал-жабдықтарсыз келетін жағдайлар жиілеген. Нәтижесінде науқастарды құтқару кезінде "алтын" уақыттарын жоғалтып жатады. Анықталған фактілерге қарамастан, өңір әкімдері ауыр пациенттерді емдеуге арналған бөлімшелер жоғары жабдықталған деген есеп береді. Бұл Үкімет тарапынан бақылаудың жоқтығын көрсете ме? Әлде  шын жағдайды жасыру ма?


Мемлекет басшысының пәрменімен өңірлердегі денсаулық сақтау нысандарына тексерту жүргізілді. Нәтижесі оңып тұрған жоқ, тіпті кейбірі стандартқа сай болмай шыққан. Ең қынжылтатыны - COVID-19-ға қарсы екпенің өзі дұрыс сақталмаған.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кейбір өңірлерде коронавирусқа қарсы вакцинаны сақтаудың температуралық режимін бұзу фактілері анықталды. Соның кесірінен дәрілік препараттың тиімділігі төмендеп кеткен.


Вакцина алуға адамдарды мәжбүрлемейміз. Президент осылай деді. Мемлекет басшысының айтуынша, халыққа зияны тиетін қадамға жол берілмейді. Ал, екпе салдырғысы келмейтіндерге түсіндіру керек.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Вакцина алғысы келмейтін адамдармен жұмыс істеуде әртүрлі тәсілді қолдану қажет. Олардың бәрінде себеп бірдей емес. Мұндай жандардың арасында шешім қабылдай алмай жүргендері де көп.

Індет дес берер емес. Өткен апта бойы жаңа антиректордтар тіркелді. Ауру құрбандары да еселеп артып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханада КВИ-мен ауырып жатқан мыңнан астам адамның жағдайы ауыр. Өкініштісі, індеттің ілмегіне ілінгендердің қатарында балалар да бар. Қасым-Жомарт Тоқаев, "Вакцина - өзімізді және отбасымызды қорғаудың жалғыз мүмкіндігі", деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Еліміздің әр азаматына айтарым: денсаулықты сақтаңыздар, туған-туыстың, отбасының амандығын ойлаңыздар! Ал, Үкімет пен өңір басшылары белгіленген міндеттердің бәрін мінсіз атқаруға тиіс.


Президент бұл жолы да былтырғы жазда болған жағдайдың қайталануына жол бермеу керегін қадап айтты. Тыңдар құлақ, түсінер түйсік болса игі. Уәде беруден шаршамайтын Үкіметке бүгін де ахуалды түзету үшін 1 ай уақыт берді. Мемлекет басшысының үміті бұл жолы ақталма ма? Оны уақыт көрсетеді.

А. Данияр