$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ауыл тұрғындары жол азабын тартып отыр

AstanaTV
23.07.2021ж. 20:00
2064
Ауыл тұрғындары жол азабын тартып отыр

Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданына қарасты Первомай ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр.  Айтуларынша, тек қиыршық тас төселген жолмен өту оңай емес.  Сондықтан жұрт бұл жермен қыста қар, жазда жаңбыр жауғанда ғана жүреді. Ал қалған уақытта жолсызбен жүруге мәжбүр.  

Кенжеғұл БИЖАНОВ, ПЕРВОМАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Машинаның картерін теседі. Қанаттарын жинап тастаған көліктерді көзіммен көрдім. Оның бәрі қиянат қой адамға. Сырттағы балаларымыздың өзі келуге безіреп тұрады. Келсе ремонт керек машинаға.

Ауыл жолын жөндеген мердігер үш жүз миллион теңгеге тас төгумен ғана шектеліпті. Тұрғындар соның кесірінен соңғы үш жылда қатынас мүлде қиындады деп отыр. Айтуларынша, тас үстіне асфальт төсеуге қажетті жобалық сметалық құжат бір жылдан бері дайын болмай келеді.

Нұрбол ҚОСАНОВ, ПЕРВОМАЙ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:


Келісімшарт бойынша ол кісі жаңа жылға дейін дайындап тапсыруы керек еді. Құжат дайын болса біз жөнденуге ақша сұрар едік. Алайда ол уақытта созып келгендіктен қазір ештеңе болмай тұр.


Ауылға апарар жолдың жалпы ұзындығы -24 шақырым. Былтыр соның тең жартысына асфальт төсеу үшін жобалық сметалық құжат дайындалуы тиіс еді. Алайда тендерді ұтып алған мердігер міндетін мерзімінде орындауға асығар емес. Құжатты қабылдайтын Ұлттық жол активтері сапасы орталығы мамандары жобадан бірнеше рет қате тауып, кері қайтарған.

Сәбит ЖҰМАШЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:


Қымбат материал болса оны ауыстырады арзанға. Кейде олардың уақыты болмайды, кейде менің уақытым болмайды. Сонымен бүгін соңғы вариантын жібердік. Осы апта шығуы тиіс қорытындысы.

Бірақ қабылдаушы тараптың  жобалық құжатты бекітуі немесе бекітпейтіні әзір белгісіз. Сондықтан 12 шақырым жолға дәл биыл асфальт төселе ме, жоқ па,  оны ешкім дөп басып айта алмай отыр.

З. Санай