$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шымкентте дәрігер тапшылығы басталғаны ма?

AstanaTV
29.07.2021ж. 20:00
2186
Шымкентте дәрігер тапшылығы басталғаны ма?

Ковидтік орталықта жұмыс істейтін дәрігер-реаниматолог керек, айлығы бір миллион теңге. Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасының басшысы әлеуметтік желідегі парақшасына осындай хабарландыру берді. Сонда бұл қалада медицина мамандары тапшы ма? Сауалды хабарлама авторына жолдадық.  

Бақытжан ПОЗИЛОВ, ШЫМКЕНТ қ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Шымкентте 15 мыңнан аса медицина қызметкері бар. Медицина мамандары жеткілікті. Бұл жерде жекеменшік орындардың клиникасы. Олар кез келген айлықты жоғарғы айлықты қоя алады. Не үшін? Жалпы, жекеменшік болсын мемлекеттік болсын олар Шымкент қаласының тұрғындарын емдеп жатыр.


Мегаполис бойынша 2 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырып, ауруханада жатыр. Жансақтау бөліміне түскендердің саны 300-ден көп. Соның бір бөлігі -  нөмірі 2 қалалық ауруханада. Індеттің ілмегіне іліккен қала тұрғындарының халыққа айтары бар.

Қамбар ШЫНТАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Реанимацияның өзінде жатқаныма 10 күндей болып қалды. Сену керек екен, көзім жетті. Тойға бармау керек мүмкіндік болса.

Күнайым ЫСҚАҚОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Халықтан сұранамын: айналайын күтініңдер!  Ешқандай өтірік емес бұл, жалған емес. Рас, күніге адам өліп те кетіп жатыр.

Елде эпидемиологиялық жағдай күннен-күнге нашарлап келеді. Республиканың 16 өңірі "қызыл" аймақта, тек Түркістан облысы ғана "сары" белдеуде тұр. Өткен тәулікте де COVID-19-ды жұқтырудың жаңа антирекорды тіркелді. Жеті жарым мыңға жуық адамның ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткен. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір 90 мыңнан аса қазақстандық жұқпалы дертке шалдыққан. Ауруханада жатқандардың арасында 1537 науқастың жағдайы ауыр, дейді дәрігерлер. 332 пациенттің хәлі өте ауыр.

А. Данияр