$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда қарттар үйінен шу шықты

AstanaTV
09.08.2021ж. 20:00
1863
Павлодарда қарттар үйінен шу шықты

Павлодарда қарттар үйінен шу шықты. Әлдекімдер орталықта тазалық сақталмайтынын және ондағы мүгедек кісілерге күтім жасалмайтынын әлеуметтік желіде жариялады. Тіпті қарттардың киімінен бүрге табылғанын, асханадағы ыдыс-аяқтарының сау тамтығы жоқ екенін фото суреттермен дәлелдеген.  160 адам тұратын мекемеде түнгі кезекшілікке екі-ақ санитар қалатыны, олардың мүгедектерге қызмет көрсетуге үлгірмейтіні де айтылған. Автордың өзі де осы мекемеде жұмыс істейтіндіктен есімін жариялауға жүрексінетінін ашық жеткізіпті. Осыдан кейін өңір атқамінерлері дереу комиссия құрып, мекемеде қызметтік тексеру бастады.

Гүлнәр КАМАЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің басқарма тарапынан комиссия құрылды. Оған тәуелсіз мекемелерден қызметкерлерді тарттық. Айналасы екі күннің ішінде нәтижесін жариялаймыз. Бұл мекемеде жақында директор ауысқан. Мәселенің бір шеті содан да болуы мүмкін. Негізі бұл жерде қарт адамдар мен мүгедек жандардың тағдыры тұр. Сондықтан тексеру барынша ашық түрде жүргізіледі.

Мына суреттер қазір әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Сынық кесе, ортасы ойылған орындық тағысын тағы. Бірақ, қарттар үйіне барғанымызда көзге оғаш көрінетін ештеңе байқамадық. Біздің келерімізді білді ме, жоқ па? Әйтеуір, барлығы тиянақты. Тіпті, қызмет алушылардың өздері мекемені жамандауға аузымыз бармайды,-дейді.

Надежда ҚАРТТАР, ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен осында келгелі 50 жылға жақындады. Көп нәрсе өзгерді. Басшылық ауысқаны ештеңе емес. Барлығы жақсы жағына өзгеріп жатыр. Санитарлық талаптар сақталмайды, бүрге талап, киімдер ауыстырылмайды дегенді кім шығарғанын, білмеймін.

Ө. Қуанар