$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атыраулық балықшылар балық аулаудың жаңа тәртібіне қарсылық білдірді

AstanaTV
16.08.2021ж. 20:00
1806
Атыраулық балықшылар балық аулаудың жаңа тәртібіне қарсылық білдірді

Атыраулық балықшылар балық аулаудың жаңа тәртібіне наразылық  білдірді. Айтуларынша, 17-  тамыздан бастап күшіне енетін құжатта балықты  тормен аулауға  тыйым салынған. Оның орнына вентерь деп аталатын   тұзақ пайдалану   ұсынылып отыр. Бірақ балықшылар судың таяздығынан тұзақпен балық аулау мүмкін еместігін айтады.  Ал тереңге бойлау – қауіпті.

Жасталап ҚҰСПАН, ДАМБЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді бір он күннен кейін теңіз басталады. Вентерді қайдан табамыз. Вентерді тапқанның өзінде салатын жеріміз жоқ. Су жоқ. Вентерді қайда апарып саламыз. Тереңге барып өл дей ме? 50 км-ге барып суға кетіп өлмейміз ғой қайықпен! Үлкен моторлар жүрмейтін жерге, біз қалай құттай қайықпен барамыз?

Сәндібек ҚҰРМАНОВ, ДАМБЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сетка салмандар,- дейді. Салған сеткамызды, мысалы, правыйға 30 км-ға кет,- дейді, левыйға легерден әрі қарай,- кет дейді. Оның бәрі әрқайсысының аумағы. Не «Ақжайық», не шекара, не су полициясы, не рыбоохрана. Амал жоқ біз он бестік мотормен кетеміз. Ал егер біз анаған вентерь салып алатын болсақ, бүгін жел соғып тұр, біз мынада батып өлеміз пластик қайықта.


Балықшылар балық аулау маусымы үшін  әрқайсысы  қарызданып-қауғаланып 500 мың теңге  тұратын  үлкен құрма ауларды  сатып алып қойған.  Енді ол да кәдеге жарамайтын болып тұр деп    күйінеді.  

Аймақтың бас балықшысы жаңа тәртіпті түсіндірмеген кооператив балықшыларын кінәлайды. Оның айтуынша, бұл – балық қорын сақтаудың тиімді жолы.

Артур СӘДІБЕКҰЛЫ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 
Жайықтың деңгейі төмен түсіп бара жатыр. Жайықта фактический балық жоқ. Кіретін балықтар теңіздің тамағында. 80 пайызыңыз сеткамен аулайсыздар. Ал балық бері қарай кірмейді. Біздер балық қорын мүлдем жойып жатырмыз.

Артур Сәдібекұлының айтуынша, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде қойылмалы торлар көп қолданылатыны анықталған.  Ал, бұл жыл сайын су астындағы тіршілік иелеріне, әсіресе, ерекше қорғалатын бекіре балықтары мен итбалықтардың көбеюіне теріс әсерін тигізіп отыр. Соның салдарынан соңғы жылдары Жайық өңіріне қоныс аударатын жартылай өтпелі балық саны айтарлықтай азайған. Бірақ екі тарап келісімге келе алмады. Балықшылар тормен балық аулауға рұқсат берілмесе, басқа да құзырлы орындарға шағымданамыз дейді.

Б. Надірқызы