Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Ауғанстанның қашып кеткен Президенті бейнеүндеу жолдады

AstanaTV
19.08.2021ж. 20:00
1992
Ауғанстанның қашып кеткен Президенті бейнеүндеу жолдады

Ауғанстанның қашып кеткен Президентінің қай жерде екені белгілі болды. Ашраф Гани өзі бейнеүндеу түсіріп, фейсбукке жүктеді. Саясаткер өзінің Біріккен Араб Әмірліктерінде екенін айтқан. Оның сөзінше, ақша туралы сыбыс жалған. Сондай-ақ отандастарын "өз халқын сатты және бас амандығы үшін қашып кетті" деген сөздерге сенбеуге шақырды.

Ашраф ГАНИ, АУҒАНСТАННЫҢ ЭКС-ПРЕЗИДЕНТІ:

Қауіпсіздік күш мүшелері маған қастандық жасалғалы жатқанын айтты. Өткен жексенбіде кеңсемде әдеттегі кестемен жұмыс істедім. Күндіз мен Кабулдегі жағдайды бағалау үшін Қорғаныс министрлігіне бет алдым. Күзетшілерім жан-жақтан мені қоршап, қастандықтан сақтап қалды.

Ауғанстандағы жағдай ушығып барады. Радикалды топ көшбасшыларының азаматтардың құқығын сақтау туралы уәделеріне қарамастан,  адам өлімі болып жатыр. Ауғандықтар келешек үшін қатты алаңдайды.

Насир ДАУЛАТ, ТҰРҒЫН:

Тәліптер бүкіл Ауғанстанды өз бақылауына алғаннан кейін күнделікті тауарларды тұтыну бағасы күрт өсті. Бұрын біз тауарды 1 рупияға алатынбыз, қазір 4 рупия төлейміз.

Халық әлі де әуежай маңын айналшықтап жүр. Әйтеуір реті келсе қауіпті аумақтан жырақ кетуді мақсат еткен.  Нақты мәлімет бойынша, демалыс күнгі жанталаста 12 адам қаза тапқан.   Ал, ауғандық әскери күштер тәліптерге қарсы тұра ала ма, жоқ па, ол жағы беймәлім.

Таяу шығыстағы мәселені бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев  Еуроодақтың Орталық Азияда бойынша арнаулы өкілі Тери Хакаламен талқылады.  Мемлекет басшысы Ауғанстанда күрт өзгерген әскери-саяси жағдайға байланысты туындап отырған сын-қатерлерге алаңдаушылық білдірді. Президенттің айтуынша, бұл жағдайдың бар ауыртпалығы қақтығыс аймағына жақын орналасқан Орталық Азия мемлекеттеріне сезіліп отыр.  

Л. Қуанышқызы