Азық-түліктің бастапқы құны халыққа жеткенше неше есе өседі? Мұны анықтау үшін Мемлекеттік кірістер комитеті тауардың ілеспе жүкқұжатын енгізуді сынақтан өткізіп жатыр. Ақтөбедегі гипермаркеттердің бірінде болып, тамақ өнімдерінің бағасымен танысқан мәжілісмен Сергей Симонов осылай деді. Оның айтуынша, өнім бағасы дүкенге түскенше, яғни делдалдың үстемесін қосқанда қалай құбылатынын салық органдары кассалық апараттар арқылы біліп отырады.
Сергей СИМОНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR ОTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Әзірше алкоголь, темекі өнімдері, дәрі-дәрмек, Еуразиялық Одақ елдерінен келетін тауарлардың бастапқы және дүкенге келетін құнының қалай өзгеретінін анықтауды бастадық. Пилоттық жоба қазан айына дейін сынақтан өтеді. Кейін барлық сауда нүктелеріне енгізіледі.
Депутат қазіргі заңнама бойынша өнімді өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар саны екіден аспайтынын және тауардың бастапқы құнына 15 пайыздан артық қосуға болмайтынын атап өтті. "Nur Otan" партиясының Жол картасы аясында салынып, жақында ғана ашылған бұл сауда орнында «әлеуметтік баға» белгісімен тауардың 15 түрі сатылып жатыр.
Г.Сейтенова