Елордада көгалдандыру жұмыстары бойынша ағымдағы жылы 1 млн-ға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланған. Оның 800 мыңы қала сыртындағы орман алқабтары болса, қалған 200 мыңы қала аумағында. Еңбектің арқасында қала жылдан жылға жасыл желекке оранып келеді. Астана-көгалдандыру құрылысы қызметкерлерінің жыл он екі ай бойы істейтін жұмыстары да осы. Бас қаладағы төрт аудан бойынша 600-ден аса қызметкер, олардан бөлек арнайы мамандар да осы мақсатқа жұмылдырылған.
Нәргүл МОЛДАНИЯЗ, "АСТАНА - КӨГАЛДАНДЫРУ ҚҰРЫЛЫС" ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Астананың барлық жеріне гүл саламыз. Апарып-алып келеді. Ауылдан келеміз өзіміз. Апарып-алып келетін автобусымыз бар. Ауылдан келеміз. Сол гүлімізді саламыз, арам шөбімізді жұламыз, баптаймыз, қараймыз. Жұмысымыз жақсы, қызығамыз, қызғанамыз, жақсы көреміз. Содан да шаршамайтын шығармыз. 16 жыл істеп жатқанымызға қарағанда.
Серіктестік қызметкерлері жасыл желек отырғызудан бөлек, оны қырқу, тазалау, суару жұмыстарында атқарып жүр. Көше бойларында отырғызылған гүлдер арнайы жылыжайда бапталады. Бұл жылыжайда бұдан бөлек көптеген декоротивтік бұталар мен ағаштар өсіріледі. Мамандардың айтуынша қаланың гүлденуін күздің қара суығына дейін сақтап тұру үшін арнайы көп жылдық гүл көшеттері отырғызылуда.
Нұрғазы ҮСЕН, "АСТАНА-КӨГАЛДАНДЫРУ ҚҰРЫЛЫС" ЖШС ӨНДІРІСТІК ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
1 жылдық гүл көшеттері былтырғы жылмен салыстырғанда біршама аз. Себебі орнына көп жылдық гүл көшеттері отырғызылып жатыр. Бұл дегеніміз елордамызда ерте көктемнен бастап, күрең күзге дейін қаламызда гүлдер жайқалып тұрады дегенді білдіреді. Бұл салынып жатқан жұмыстардың бәрі қала тұрғындары мен қала қонақтарының жайлылығы үшін жасалып жатқан шаралар, жұмыстар.
Мекеме қызметкерлері осы күзде де қызғалдақтарды егуді жоспарға қойған. Ол келесі жылдың көктемінде бүршік жарады дейді. Былтыр отырғызылған қызғалдақтар осы жылы қала тұрғындары мен қонақтарының көзін қуантты.
А. Базарбай