$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жамбылдағы жарылыс жұртты есеңгіретті

AstanaTV
27.08.2021ж. 20:00
2446
Жамбылдағы жарылыс жұртты есеңгіретті

Жамбылдағы жарылыстан 9 адам қаза тауып, 93 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Тағы 2 адам табылмай жатыр. Қала іргесіндегі 28349 әскери бөлімінің қару сақтау қоймасында өрт шығып, артынша жарылыс жиіледі. Оның жаңғырығы жетпіс шақырым жерге дейін жеткен.

Төтенше жағдай жайлы алдымен әлеуметтік желіде видеолар тарады. Оқиға орнына біздің түсру тобы жедел жетті.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Біз дәл қазір жарылыс болып жатқан жерге жетпей 5 шақырым жерде тұрмыз. Одан ары қарай кіру мүмкін емес.  Себебі, тәртіп сақшылары жолды бөгеген. Онда тек өрт сөндірушілер мен әскерилер және жедел жәрдем көліктері ғана кіріп жатыр. Бұл - Байзақ ауданында орналасқан, қаланың шығыс жақ бетінде шамамен 10 шақырым жерде. Міне өздеріңіз көріп тұрғандай 15-20 минут сайын жойқын жарылыс болып, оның толқыны біз тұрған жерге шамамен 10 сек жетіп жатыр.

Куәгерлер жойқын жарылыстан соң ұшқан оқ дәрілерді көріп, шошып жатыр.

Екі кештің арасындағы жарылыстан ел есеңгіреп қалған.

БЛИЦ:

- Жер сілкініп, стеналарымыз құлайтындай болып жатыр.

- Бала-шағамызға жылы да киім алмай, шығып жатырмыз бас аман болсын бастысы.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Жаралыс болып жатқан жердің маңындағы Байзақ ауылындамыз. Мұнда міне әскерилер осы ауылдың тұрғындарын эвакуациялап жатыр. Яғни қалаға қарай тасып жатыр.

ЕРІКТІ ЖҮРГІЗУШІ:
 
Қолдан келгенше Байзақ ауылынан көшіріп келіп жатыр. Енді екінші рейспен қайтадан бара жатырмыз. Көмек керек. Ауылда көп адам қалып кетті.


Жарылыс болған жерге жақын орналасқан 3 ауылдың, мыңнан астам тұрғыны қаладағы мектептерге жеткізілді. Ыстық тамақ пен жатын орындары қарастырылған.

Ал облыс орталығындағы қалалық аурухана алдына жиналған жұрттың қарасы қалың. Олар жақындары мен туыстарын таба алмай сабылып жүр.
 
БЛИЦ:

- Окопта жатырмын болды деді. Содан кейін мама ары қарай хабарласам содан кейін отключен, болды.

- Өліп қалдық біротала не боп қалды, не боп қалды. Амандығына қуанып тұрмыз, сол. Қандай жарақат? Миы шайқалған.


Жарылыстың даусы құлақты жарып, оның толқыны денені тітіркендіріп жібереді. Ал, сол әскери бөлімге жақын орналасқан жанармай құю бекетінде жағдай тіпті қиын. Бекеттің есік-терезесі шағылып, ішінің астаң-кестеңі шыққан.

Әскери бөлімдегі дүмпу күшиген соң тас жолдар жабылып жолаушылар кері қайтарылып жатыр. Тіпті темір жол қозғалысы да тоқтап тұр.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Біз қазір темір жол вокзалына да келіп жеттік. Мұндағы жағдай да мәз емес. Жолынан қалған жолаушылар жетерлік. Яғни келіп жатқан пойыздардың бәрі дәл осы жерге келіп тоқтап жатыр. Мәселен, мынау "Қызылорда-Семей" бағытына қарай бет алған пойыз, мұндағы жолаушылар осы жерден түсіріліп, қоғамдық көлікке отырғызылып қаладан 30 шақырым жердегі Ақыр төбе станциясына жеткізіледі. Яғни Семейге қарай бағыт алған жолаушылар сапарын сол жерден арықарай жалғастырады.

БЛИЦ:

- 26 күні 27 қараған түні сағат екіде шығуымыз керек еді. 2:40 пойыз жүріп кету керек. Түннен жүрміз біз.

- Не пойыз жоқ, не точно қай уақытта келетінін білмейді. Автобусқа отыр дейді қандай автобус қайда баратынын білмеді. Күтіңдер дейді күтіп күтіп жүрміз ғой міне.

- Күтетін жер жоқ вокзал ремонт түннен бері адамдар аш отыр әлі тамақ ішпеген, су ішпеген вобще қызмет жоқ.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Міне бүгін жалынның беті қайтқан секілді. Бірақ күштік құрылымдар әлі де қаланың шығыс жақ бетінен шығатын жолды жауып, ешкімді өткізіп жатқан жоқ.

Б. Жұмабайұлы