Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жұмысқа құлықсыз шенеуніктер орындарын босатсын, Президент

AstanaTV
01.09.2021ж. 20:00
1137
Жұмысқа құлықсыз шенеуніктер орындарын босатсын, Президент

Жұмысқа құлықсыз шенеуніктер орындарын босатсын. Тапсырманы орындаудан жалтарғандарға Президент жол көрсетті. Сондай-ақ елдегі инфляцияның да жайы мәз емес. Әлемдегі жағдайды желеу еткен Ұлттық банк пен Үкімет мұны бақылаудан шығарып алғанына шүйлікті. Осының салдарынан қымбатшылық та халықты қажытып жіберді. Халыққа кезекті жолдауын жасаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкіметке жүктеген жаңа міндеттемелері жайында келесі бейнематериалда.

Мемлекет басшысының алғашқы тапсырмасы тікелей Ұлттық банк пен Үкіметке бағытталды. Өйткені істерінде шалалық бар. Оны тез арада реттеуі тиіс. Қос ведомствоның қауқарсыздығынан инфляция деңгейі бақылаудан шығып кеткен. Жалпы, мемлекеттік бюджеттен дағдарысқа қарсы шараларға 3,6 триллион теңге жұмсалыыпты. Бұл – айтарлықтай шығын, дейді Президент.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұлттық банк пен Үкімет әлемдегі түрлі ахуалды сылтау етіп, ақыр соңы осындай жағдайға жетіп отырмыз. Мұндай қайталама уәждер ұлттық экономиканың осалдығын көрсетеді. Осы ретте «Біздің кәсіби экономистердің рөлі қандай?» деген сұрақ туындайды. Сіздердің міндеттеріңіз инфляцияны бастапқы қалпына келтіру.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жыл ішінде азық -түлік бағасы 10 пайызға қымбаттаған. Удай баға әбден қалтаны қақты деген халық та, биліктен тиісті шара қабылдауды сұрайды.

БЛИЦ:

- Кәдімге азық-түліктің бәрі қымбат қой. Ет мысалы. Сиыр еті 2900 теңге, жылқының еті 3000 теңге.

- Ай сайын өседі ғой, ай сайын. Құмшекер болсын, май болсын.

- Ұн да қымбатта ды, сұйық май да қымбаттады. Өте қымбат сұйық майлар. Бұрын 2800-2900, 3000 шамасында болатын. Қазір 5000-ға жақындайды.


Азық-түлік құнынан Президент те хабардар. Осыған байланысты бағаны бақылайтын жауаптыларға тәртіп орнату керектігін ескертті. Тапсырманы орындау үшін Үкіметке берілген мерзім - 1 ай. Осы уақыт ішінде жағдайды реттейтін нақты ереже бекітуі тиіс.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір бұл жұмысқа бірнеше ведомство жауапты. Ал, олар баға өскен сәтте талдау жасап, тиісті шаралар қабылдамаған. Оның орнына шаруаны бір-біріне сілтеп істі созбаққа созып отырады. Бұл істі бір реттілікке келтіретін уақыт келді. Жауапкершілік кімге тиесілі екенін нақтылау керек. Негізгі орган ретінде бір мекеме бекітілсін.

Ал, экономист- сарапшы Меруерт Махмұдова да, бұл мәселе Үкіметтің шалалығы дейді. Бұған бір емес тұтастай министрлер кабинетіндегі әр ведомство кінәлі дейді.

Меруерт МАХМҰДОВА, ЭКОНОМИСТ:

Мен бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті отставкаға жібереді, жаңа Үкімет ұсынады деген үмітім болды. Өйткені қазіргі әрбір ведомство - мейлі коронавируспен күресіп жүрген Денсаулық сақтау министрлігі болсын, жарылыстармен әлек болып жүрген Қорғаныс министрлігі болсын олардың барлығы ауыз толтырып айтатын нәтиже көрсеткен жоқ. Тек бюджеттегі ақшаны азайтты.

Мемлекет басшысын коронавирустың қазіргі жайы алаңдатып отыр. Ол тұрғындарды адастырып жатқан антиваксерлер жетерлік дейді. Оған қоса, вирустың жаңа түрлері пайда болады деген қауіпті де жоққа шығармайды. Сондықтан, бүкіл Денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындалуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан бөлек, бұрынан бар проблемалардың да шешілетін уақыты келді, дейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. "Дені сау - ұлт" жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады.


Мемлекет екінші деңгейлі банктерге көмектеспеу керек. Тоқтау салынған активтері болса, экономикалық айналымға қайтару қажет деді, Президент. Үкімет Қаржы реттеу жөніндегі агенттікпен бірлесіп, жыл соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды. Айта кету керек, бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болғалы бергі үшінші жолдауы. Мемлекеттік маңызы бар жиын, жылдағыдай 1 жарым сағатқа созылды. Айтылған мәселелер де көп.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев көпшілік күткендей Үкіметті отставкаға жібермеді. Бірақ Президенттің саясатына күмәнмен қарап, жүктемелерді орындауға қауқарсыз, еріншек басшысымақтарға, орындарын өз еркімен босатуды талап етті. Тек осы жағдайда алға қойылған мақсаттарымызға жете аламыз деп түйіндеді.

А. Данияр