Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шымкенттегі Достық шағын ауданының бір бөлігі әлі жарыққа жарымай отыр

AstanaTV
02.09.2021ж. 20:00
2288
Шымкенттегі Достық шағын ауданының бір бөлігі әлі жарыққа жарымай отыр

Шымкенттегі Достық шағын ауданына қоныстанған  жүздеген отбасы  жарыққа жарымай отыр. Электр энергиясын, ауыз су мен көгілдір отынды жағдайы жеткені өз ақшасымен үйге  кіргізіп алғанмен оның сапасына көңілі толмайды. Бүгін бір топ тұрғын  арызын арқалап, қалалық әкімдікке   келді. Осыған дейін жауаптылардың сырғытпа жауабынан әбден шаршаған жұрттың мұң-мұқтажын өңірдегі  тілшіміз Айзада Төребекқызы жеткізеді.  

Қалалық әкімдік алдына жиналған топтың әбден шыдамы таусылған. 2015 жылдан бері шенділердің құрғақ уәдесіне әбден тойдық дейді. Күн суытпай, жарық мәселесін шешіп беруді сұрайды.
 
Назармұрат БЕРНАҚОВ, КӨШЕ  ТӨРАҒАСЫ:

Сусыз, тасымалдап ішіп отырғандары бар қазір, сондай үйлер бар. Светсіз отырған үйлер бар. Сол мәселе бойынша әкімдікке келдік. Әйтеновке келгенбіз негізі. Ол кісі шықпады, жолыға алмадық.  


Жұрттың өре түрегелуіне өткен түнді қараңғылық құшағында өткізуі түрткі болған. Үп еткен жел мен болмашы жаңбырға жарық өшіп қала береді дейді.  Достықтағы 15 көше кезінде бас жоспарға енбей қалған. Аралда қалғандай күй кешіп отырғаны да содан.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ел «Бермуд үшбұрышы» атап кеткен аумақтың халқы электр энергиясын осы жерден тартып алған. Құдды бір өрмекшінің торы ма дерсің.  Мұнда тұрғын үйлерге қарай тартылған жөні түзу бағана да жоқ.  Қабат-қабат сымдар жерде шұбатылып жатыр.  


Тұрғындар электр бағаны мен желілерді өз күштерімен тартып алған. Шамасы жеткені осы болыпты. Тұрмыстық техника жиі істен шығады. Ол қосымша шығын дейді.   

Дина ОРАЗБАЕВА,  ДОСТЫҚ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңбыр жауса столбалардың бәрі құлайды. Қолдан көтеріп қоямыз. Свет сығырайып тұрады. Балаларымыз ешқандай интернет мәселесі, свет деген нәрсе біз артық нәрсе қоса алмаймыз мысалы.

Мұнда жол мен ауыз су да өзекті. Әкімдіктегілер үш көшеге көктемде уәде еткен шағыл тасты төсеген.  Ал ауыз су осы қазанда беріледі дейді. Бірақ  жарықтың жыры биыл бітпейтін секілді.  Тек алдағы бірнеше күнде электр бағаналарын орнатыла бастайды.
   
Абай АШАЕВ, ШЫМКЕНТ қ. ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы жоба өтпелі 2022 жылға. Бұның жобаның 30 пайызының қаржысы биыл бөлінді. Қалған 70 пайызы 2022 жылда тұр. Жобасы негізі 2022 жылдың аяғында аяқталып қосылу керек,  ол солай болады.  
 
Алайда бұл жауап тұрғындарды қанағаттандырмады. Сондықтан жауапты өкіл қосымша зерделеу жұмыстар жүргізілетінін айтты.  Ал бірер күнде  бағана орнату ісі басталмаса   достықтықтар үлкен жолды жабамыз деп отыр.

А. Төребекқызы