$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде мектептерге тағы да "бомба қойылды"

AstanaTV
02.09.2021ж. 20:00
1659
Ақтөбеде мектептерге тағы да "бомба қойылды"

Ақтөбе мектептерінде әлі дүрбелең. Кешегі алты мектептің оқушылары бүгін тағы оқи алған жоқ.  "Бомба қойылды" деп хабарлама таратқан адам неге табылмай жатыр? Жалған хабар бойынша шақыртуға барған шұғыл қызметтердің шығыны қандай?  Ақтөбедегі тілшіміз Гүлвира Сейтенова айтады.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
 
Ақтөбелік оқушылар бүгін таңертең тағы да сабаққа кіре алмады. Кеше бомба қойылды деп дүрліккен алты мектепке бүгін дәл сондай тағы хабарлама түскен. Саперлар жарылғыш затты мына мен тұрған нөмірі 22-мектептің ішінен де іздеді. Бірақ, ештеңе табылған жоқ.

Ғимарат толық тексеріліп, жарылғыш заттың жоқ екені анықталса да,  22-мектептің басшылығы балаларды үйіне таратып жіберген. Кластар қаңырап бос тұр.

Эльмира НЕТАЛИНА, №22 МЕКТЕП  ДИРЕКТОРЫ:


Оқушылардың қауіпсіздігін ойлап бүгін сабақты қашықтан оқитын болып шештік. Ертең қалыпты тәртіпте оқимыз.


Облыстық білім басқармасының ақпараты бойынша,  бүгін түске дейін алты мектептің 3 мың 400 оқушысы уақытында сабақ бастай алмаған.   

Жолдас БАТЫРХАН, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Ең бірінші баланың қауіпсіздігі бұл арада. Әрине мұндай жағдайда біз амалсыздан оқу процесін тоқтата беретін боламыз. Дегенмен, құзырлы органдар жалған ақпаратты таратып отырған адамды анықтап, тиісті жазасын береді деп ойлаймыз.


Мұндай жағдай биыл Ақтөбеде осымен төртінші рет қайталанып отыр. Жыл басында №51 мектеп-гимназиясында «бомба бар» деп екі рет хабарлама қалдырған адамды полиция әлі тапқан жоқ. Кешегі анонимдік хабарламаның иесі де    іздестіріліп жатыр. Полицейлердің айтуынша,  «жалған лаңкестерді» табу оңай емес. Еріккеннің ермегі бюджетті қыруар шығынға батырып отыр дейді. Бүгін де шұғыл қызметтер мен саперлардың жұмысына полиция департаменті біраз шығындалған.  

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 
Полиция департаментінің 1 автокөлігі осындай оқиғаға шығуына шамамен 100 мың теңге ақша жұмсалады.


Ал төтенше жағдайлар департаментіндегілер мемлекеттік мекемелерден шақырту түссе, шұғыл қызметтер тегін көрсетілетінін айтады. Жеке компаниялардан түскен қоңыраулар ғана ақылы дейді.


Нұрлыбек ЖАЛМАҒАМБЕТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жалған ақпарат берген тұлғаны полиция қызметкері анықтаған жағдайда жалған шақыртуларға шыққан шығындар сол адамнан өндіріледі.


Бірақ осыған дейінгі  жалған шақыртуға кеткен шығын әлі өтелмеген. Ал мектептердегі дүрбелеңге кінәлілер табылса,  күдікті 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Г. Сейтенова