$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралдықтар балаларын мектепке жібермей отыр

AstanaTV
02.09.2021ж. 20:00
2606
Оралдықтар балаларын мектепке жібермей отыр

Оралдықтар балаларын мектепке жібермей отыр. Олар санаториялық білім ошағына ауысуға наразы. Айтуларынша онда туберкулезге шалдыққандармен байланыста болған балалар білім алыпты. Ата-аналардың талабы не? Білім бөлімінің шешімі қаншалықты заңды? Сауалдарға аймақтағы әріптесім Еркін Карин жауап іздеді.

Базыналы ата-аналар, балаларын бұрынғы мектепке қайтаруды талап етуде. Өйткені бұл ғимаратта бұған дейін туберкулезбен ауырған науқастардың балалары білім алған. Жауаптылар биыл оларды үйлеріне қайтарып, 20-шы мектептің мыңға жуық оқушысын қабылдады. Ата-аналар, білім басқармасының шешімін құптамайды.  

Лариса НИЗОВЦЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің білуімше, Кох таяқшасы жер бетінде 40 жыл тіршілік етеді. Бұрын осында оқыған балалар жыл сайын ем қабылдады. Ғимараттың еденіне ағаш төселген, линолеумі де ескі. Ойын баласы жүгірмей тұрмайды. Сол кезде шаң көтеріліп, ауру қос өкпеден қыса ма деп қорқамыз.


Наразы топ балаларын мектепке жібермеуге осындай қорқыныш себеп болғанын жеткізді. Қазір олар жауапты орындардың табалдырығын тоздырып жүр. Ғимаратқа зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді.  

Жасұлан МҰҚАНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Баламды бұл мектепке жібермеймін. Әуелі дұрыстап жөндеу жасасын, топырақты да өңдесін. Бұл жерде қандай ауру бұғып жатқанын кім біледі? Бұған дейін бұл арнайы мектепке кіруге болмайды дейтін. Енді келіп осында бала оқытамыз дейді. Бұл қай сасқандары?


Білім бөлімінің өкілдері болса, оқушыларды санаториялық мектепке амалсыз көшірдік дейді. Өйткені олар осыған дейін оқыған 700 орындық мектепте, қазір бала саны 2300-ге жеткен. Үш ауысыммен бала оқыту қиындық тудырған соң, мыңға тарта оқушыны бөліп жіберу тиімді деп шешкен. Санаториялық мектептегі жағдай, тіпті кейбір білім ошақтарынан көш ілгері деді.
 
Ақжарқын ТЕМІРХАНОВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біріншіден, ол мектепте туберкулезбен ауырған балалар болған жоқ. Екіншіден, ол мектепте туберкулезбен ауырған бала болып, таякшалары еденде қалатын болса, облыстық санэпидемиологиялық, облыстық тубдиспансер бізге рұқсат бермес еді. Олар өздері жауапкершілікті алып, бізге рұқсатын беріп отыр.


Білім беру бөлімінің дерегінше, баласын мектепке жібермей отырған ата-ана саны саусақпен санарлық қана. Олармен енді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп көрмекші. Оқу жылы басталып кетсе де, мәселенің қалай шешілері әзірге беймәлім.  

Е. Карин