$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елімізде нан қымбаттады

AstanaTV
02.09.2021ж. 20:00
2708
Елімізде нан қымбаттады
Елімізде ұн қымбаттады. Соған сәйкес нан бағасы  көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, Елордада бұған дейін 110 теңге болған  бөлке нан кешеден бері 130 теңгеден сатылуда. Ет пен күнбағыс майының құнында да өзгеріс бар. Бағаның бұлай құбылуына  не себеп? Сатушылар не дейді?   Азық-түлік бағасын кім ауыздықтайды? Сөз өңірлердегі тілшілерімізде.

Кәмшат МҰХАМЕДЖАН, ТІЛШІ:

Біз қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы көтерме сауда орындарының біріндеміз. Халық ең соңғы ақшасы қалса да азық-түлік алады. Нан, ұн, май, ет- бірінші қажеттілік. Оның бағасына қарап жатқан ешкім жоқ. Өздеріңіз көріп тұрғандай, базарда адам өте көп. Ет сөрелеріндегі бағаны қазір көрейік.  

Сиыр етінің бір келісі -2500 тенге, қой еті-2800-3000 теңгеден саудаланып жатыр.  Былтыр келісі 1800 теңгеден  сатылған өнім құны бірден екі есе артқан.  Мұны базардағылар ет тапшылығымен байланыстырады. Жем-шөп жоқ, сондықтан  келетін өнім аз  дейді.

БЛИЦ:
 
- Ет келмейді. Завоз жоқ. Оптовиктер түсіндіреді, қазір жем -шөп қымбат, ет жоқ деп.

- 2200 теңгеден келсе біз есептеп, 2600-2700 -ден сатып жатырмыз.


Тек ет емес, өзге де азық-түліктердің бағасы әсіресе соңғы бір айда айтарлықтай өскен. Бұған дейін 4000-5000 теңге тұратын бір қап ұнның  құны қазір - 9000 теңге. Республика бойынша ең қымбат ұн- Нұр-Сұлтан қаласында.  

БЛИЦ:

- Қазір баға көп қымбат бұрыңғы бағадан. Нан да 20 теңге қосылып жатыр. Каждый продуктіге қосылып жатыр 20-30 теңгеден.

- Айына 50 мыңдай кетеді тамаққа. Жұмыртқаңыз қымбат, су май 3800 дейді , бұл өте қымбат бізге.


1 бөлке нан дүкендерде 120-130 теңгеден саудаланып жатыр. Жалпы, елімізде бір жыл ішінде ас атасы 5,9% қымбаттаған.    Әсіресе Елорда мен Алматы, Шымкент қалаларында баға жоғары.  

Кәмшат МҰХАМЕДЖАН, ТІЛШІ:


Сарапшылардың мәліметінше, елімізде төртінші   жыл қатарынан ұн  бағасы өсіп келеді. Ал ол нан, макарон және түрлі ұн өнімдерінің қымбаттауына әсер етеді дейді. Бұл туралы теріскейдегі әріптесім Абзал Құрманкин толығырақ айтады.  Абзал, сөз өзіңде.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Рақмет, Камшат. Теріскейдің диірмендері ұнның бағасы әлі кем дегенде 30-40 пайызға қымбаттайтынын айтып отыр. Бүгін азық-түлік келісім-шарт корпорациясы үшінші класты бидайдың бағасын жариялады. Ол былтырғы көрсеткіштен шамамен 20 пайызға өсіп, 103 мың теңге шамасында тұрақтады.


Алайда, сарапшылар бұл баға әлі күз аяғына дейін  әлі шарықтайды дейді.  Себебі, қуаңшылықтың кесірінен өнім аз, әр гектардан не бары 9-12 центнерден ғана астық  жиналуда.  Дәнді дақылдардың қымбаттауы  міндетті түрде  нан және макарон өнімдеріне   әсер етеді, дейді сала мамандары.

Таисия КОЛЛЕГОВА, «СЕВЕСИЛЬЗЕРНО» ЖШС КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Қазір танап басындағы бидайдың бір тоннасы 103 мың теңгеден сатылып жатыр. Диірмендер оны күні бүгінге дейін 90-95 мың теңгеден алып жүрді. Бірақ сарапшылар оны әлі де 140 мыңға дейін қымбаттайды деп отыр. Егер билік өкілдері дереу бір амал қолданбаса, нарықта шын мәнінде катастрофа басталады.

Ал құзырлы органдар бағаны қадағалау бағытында кешенді жұмыстарды қолға алынғандығын хабарлады. Бір айдың ішінде салалық мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл регламенті әзірленеді.

Ержан ҚАЗАНБАЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:


Осы тармақты іске асыру үшін министрлік экономика министрлігімен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, бір айдың ішінде сауда және интеграция министрлігіне өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбек бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеуді, үйлестіру және бөлу жөніндегі өкілетті органдардың фунцияларын беру ұсыныстарын енгізеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Жыл басынан бері аймақта   нан 11 пайызға, ал сұйық майдың бағасы бақандай 25 пайызға өскен.  Бірақ ет бағасы өзге өңірлерге қарағанда сәл төмен.  Energyprom сарапшыларының мәліметіне сүйенсек, ет Маңғыстау мен Шымкентте, Түркістанда  қымбат.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында шенеуніктерді бағаның көтерілуіне байланысты сынға алған болатын.  Үкімет нәтиже шығарар деген үміттеміз.


А.Құрманкин, К. Мұхамеджан