$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Кәмелетке толмаған үш баланың анасын айуандықпен өлтірген

AstanaTV
03.09.2021ж. 20:00
2509
Кәмелетке толмаған үш баланың анасын айуандықпен өлтірген

Риддер қаласында кәмелет жасқа толмаған үш баланың анасын айуандықпен өлтірді деген күдікті қамалды. Қандықол -34 жастағы жергілікті тұрғын. Бұрын да ауыр қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған.  Суыт хабарды естіген тұрғындар айыпталушыны қатаң жазауды сұрайды. Оқиғаның жай-жапсарын әріптесім Асылбек Данияр жеткізеді.

45 жастағы марқұм қалалық білім бөлімінде жұмыс істеген. Күйеуімен ажырасқан, кәмелетке толмаған 3 баласын жалғыз тәрбиелеп келген. 26 тамызда ол әдеттегідей жұмысқа кетіп, үйіне қайтып оралмапты. Туыстары соққан қоңырауларға да жауап болмаған, соң жақындары полициядан көмек сұрауды жөн көрген.  
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, келіншек жолды қысқарту үшін орман арқылы өткен. Қаскөй сол жерде жалғыз жарым келіншекке тап берген дейді. Тұншықтырып, денесіне пышақ жарақаттарын салған. Полицейлер оқиға орнынан қан іздері бар пышақты тапты. Ал, күдіктіні 6 күннен кейін ұстаған, ол жасаған қылмысын мойындаған.

Есі шыққан әйел қорыққанынан жан ұшыра айқайлады. Оның үнін шығармау үшін бірден пышақ сұғып, буындырып өлтірдім деп қосты күдікті тергеу барысында.

Қайрат ӘБДІҒАЛИЕВ, ШҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

6 күн бойы жедел тергеу іс-шаралары тәулік бойы жүргізілді. Қазір уақытта күдікті қамауға алынды. Оның әрекеттері Қылмыстық Кодекстің 99 және 192-баптары бойынша сараланады.Олардың санкциялары 20 жылға дейінгі жазаны немесе өмір бойына бас бостандығынан айрылу көзделеді.


Айта кетейік, күдікті марқұмның сөмкесінен күміс әшекей ғана тапқан. Ал, кісі қолынан қаза болған әйелдің 8 бен 11 жас аралығында екі қызы мен ұлы қалды. Қазір олар ата-әжесінің қамқорлығында. Ал, балалардың әкесі Ақтауда көрінеді. Қамқоршылық мекемесі өкілі оның әкелік құқығынан айырылмағанын жеткізді.

Гүлжас БОШАҚОВА, ШҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Егер әкесі балаларды өз тәрбиеме аламын деп шешім қабылдаса, онда балалар әкесімен бірге тұрады.

Ал, балаларын тәрбиелеуден бас тартқан жағдайда, атасы мен әжесінің қолында қалады деді. Анасынан айрылған балаларға, қазір психологтар көмек көрсетуде.

А. Данияр