Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

"Сіз қанша тірі бала тудыңыз?" Халық санағы сауалнамасында осындай да сұрақ бар

AstanaTV
03.09.2021ж. 20:00
2582
"Сіз қанша тірі бала тудыңыз?" Халық санағы сауалнамасында осындай да сұрақ бар

"Сіз қанша тірі бала тудыңыз?". Халық санағына арнайы ашылған сайтта осындай сұрақтар бар.  Сауалнаманың қазақшасы тікелей және калькалы аударма екені анық байқалады. Көпшілік  бұған наразы. Жауап парағында тағы қандай кемшіліктер бар? Тілшіміз Камшат Мұхамеджан зерделеп көрді.  

Кәмшат МҰХАМЕДЖАН, ТІЛШІ:

Санақ сауалдарына толық  жауап беру үшін шамамен  30-40 минут қажет. Материалды әзірлеу барысында мен де сауалнамамен таныстым.  Расымен де, түсініксіз сұрақтар баршылық. Мәселен, қарасаңыз "Сіз қанша тірі бала тудыңыз?", Тұрғын жайдың типі қандай? Баспалдақпен көтерілгенде қиындықтар туады ма? Осы секілді сұрақтар бар. Қанша рет оқысаңыз да, түсіну қиын.


Сауалнамада 91 сұрақ бар. Жеке деректен кейін бірден сұралатыны коронавирус инфекциясымен ауырдыңыз ба? Вакцина алғансыз ба, алмағансыз ба? Артынша, жақын арадағы жоспарыңызда шетел шығу бар ма? деп шығады. Бұдан да асып түскен сұрақ -тірі балаңыз қанша. Қазақ тілінде ешқандай мағына бермейтін сөйлем, тікелей калькалы аударма.  Көшедегі халық та мұның сауатсыз жазылған сұрақ екенін айтады.

Гүлмира ТОҚСЕЙІТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:


Дұрыс емес енді. Қанша тірі бала деген болмайды ғой. Қанша бала алып келдіңіз, дүниеге қанша бала әкелгенсіз қанша перзент сүйдіңіз деген сұрақ болуы керек.

Филолог Жантас Жақыптың айтуынша, сөйлемде эвфемизм еш ескерілмеген. Тіл маманы орыс тілінен тәржімаланған  сұрақ ана тілімізге келтірілген тағы бір залал дейді.

Жантас ЖАҚЫП, ФИЛОЛОГ:

Сол жерде аударғандар филолог болуы әбден мүмкін. Қазақ тіліне қалай болса солай қарағаны байқалады. Бұл жерде орыс тіліндегі көшірме аудармасын беріп тұр.  


Көңілге қонбайтын тағы бір сауал "Қол жеткізген білім деңгейіңізді көрсетіңіз". Дұрысы білім деңгейіңіз қандай еді. Тікелей аударма мұнда да сөйлем мәнін кетірген. Ал, ұлттық санаққа жауаптылар сауалнама халықаралық тәжірибеге сүйеніп әзірленді дейді. Бұл науқан қазір бізден бөлек әлемнің 61 мемлекетінде жүріп жатыр.

Олжас САЙЛАУБЕК, "ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ САНАҒЫ-2021" ШАРАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:  


Бұл сауалдардың барлығы мүдделі мемлекеттік органдардың келісімімен жасалған. Яғни, статистика бюросы өзі әзірлеген сұрақтар емес. Сауал парақтарын жібермес бұрын мем органдармен келісілген.


Санақ науқаны елде бірінші қыркүйекте басталды. Қазан айының 15-не дейін жалғасады. Онлайн санақ аяқталған соң, дәстүрлі формат түрінде жалғаспақ. Яғни, санақшылар  үй-үйді аралауға шығады.

К. Мұхамеджан