Жамбылдағы жарылыстан кейінгі жөндеу жұмыстарына жұрттың көңілі толмайды. Себебі, әкімдіктегілер "қираған үйлер ғана қалыпқа келтіріледі, қора мен құлаған қоршауларды әркім өзі істеуі тиіс" деген. "Оның үстіне баспаналардың өзін жартылай жөндеп, қалай болса солай істеп жатыр" деп халық ренжиді.
Қару-жарақ сақтау қоймасындағы жарылыстың жойқын болғаны соншалық, Қайнар ауылы түгел қираған. Ондағы 17 үйдің барлығына зақым келген. Тіпті тұруға жарамсыз болып қалғандары бар. Раушан Мамытбекованың үйін алғашқыда "толықтай қалпына келтіріледі" деген. Ал кейін құрылысшылар тек шатырын ауыстыратын болып шешіпті. Бірақ жарылыс зардабын бағалаушы комисия «ғимараттың жарамсыз екенін, сондықтан бұзуға жататынын» айтып, құжатқа қол қойғызып алған.
Раушан МАМЫТБЕКОВА, ҚАЙНАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сапарбаев келген кезде өзі кіріп көрген. Сөйтіп Михайловканың әкіміне, Байзақтың әкіміне тапсырма берген. Бірақ өздерінікін істеп жатыр.
Ауыл тұрғыны Мақсат Ізбазхан да әкімдікке қатты ашулы. Өйткені оның үйінің сыртқы сылағын түсірместен, сол күйі қалай болса солай, жөндеп жатқан көрінеді.
Мақсат МӘМБЕТОВ, ҚАЙНАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мынау стенам қимылдап тұр былқылдап. Ана кісілерге айтсам осылай армировать етіп істеп береміз дейді. Бұл үйде мен тұрам, олар емес. Бес бала-шағам бар. Ертең құласа астында қалады барлығы.
Зардап шеккен тұрғындардың талап-тілегіне құрылыс штабының басшысы жауап бермейтінін айтады. "Құрылысшылар берілген тапсырма бойынша жұмыс істеп жатыр" дейді.
Талғат МАМАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ШТАБ БАСШЫСЫ:
Сараптама жасаған азаматтар техникалық тиісті тапсырма берді. Сол техникалық тапсырмаға сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге алдын-ала құрылыс компаниялары өз есебінен жұмысты бастап жатыр.
Жарылыстан кейін арнайы құрылған комиссия" зардап шеккендердің тек баспаналары ғана жөнделеді" деп шешім шығарған. Себебі, қосымша жүргізілген құрылыстардың құжаттары жоқ. Сондықтан қора-жай мен қоршауларды үй иесі өзі жөндеп алуы тиіс. Қалпына келтіру жұмыстары екі айға жоспарланған.
Б. Жұмабай