Қостанайда аюға таланған бүлдіршін ес түссіз жатыр. Дәрігерлер бес жастағы қыздың жанын сақтап қалу үшін барын салуда. Баланың аяғына ота жасалған. Кеңейтілген консилиум өткізген хирургтар өзге де емдеу тәсілдерін талқылауда. Бірақ, әзірге нақты болжам айта алмай отыр. Жансақтау бөлімінде жатқан науқас бүгін комаға түскен.
Ксения ЖЫЛҚЫБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бүгін хирургтер мен травматолог мамандардың қатысуымен кеңейтілген консилиум өтті.Бейнебайланыс арқылы денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас травматологі Болат Нағиманов кеңес берді.Мамандар науқас баланы ары қарай емдеу тәсілдерін талқылады.Бес жастағы бүлдіршін әлі жансақтау бөлімінде жатыр.Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.Дәрігерлер қандай да бір болжам айта алмайды.
Еске салайық,оқиға облыс орталығына жақын орналасқан «Радуга» демалыс базасында қыркүйектің бесі күні болған. Анасы мен қызы торда тұрған аюды қызықтап, оған тамақ береді. Үлкендердің қарауынсыз қалған кезде аю қыз баланы аяғынан шап берген. Ересектер бүлдіршінді аюдың азуынан әрең арашалап алады. Полиция бұған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
З. Санай