Елімізде білім беретін әрі оңалтатын арнайы орталықтар тапшы. Инклюзивті мекемелер мәселесін көтерген депутат Нүкетаева үкімет басшысы Маминге сауал жолдады. Оның айтуынша, қазір елде 17-жасқа дейінгі 6 млн-нан астам бала бар. Оның 3 миллионы мектепте оқиды. Бала саны артқан сайын қажеттілік артады. Инклюзивті мектептер, балабақшалар жыл сайын салынғанымен, олардың жағдайы өте нашар, дейді депутат.
Динар НҮКЕТАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Біз Қарағанды облысы Балқаштағы балалар орталығына бардық. Бұл филиал 2019-жылдан бері инклюзивті бағытта жұмыс істеп тұр.Олар 1 ауысымда 155 баланы қабылдайды, оның 55-і кембағал. Мекеме 1972 жылы салынған, бірақ әлі толық жөнделмеген.Аумағы қираған, жарымжан балаларға кедергі көп, жаңа мектебі жоқ, дефектолог, логопед жетіспейді.Сенсорлық кабинеттер,спорт кешені жасалмаған.Тіпті, орталық жылыту маусымына да дайын емес.
Ал сенатор Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығына өзекті мәселелерді көтерді. Оның сөзінше, климаттың жаһандық жылынуынан елімізде ауа температурасы соңғы 100 жылда 2 градусқа көтерілген. Сондықтан әр өңір климат жағдайына бейімделген дақыл егуі керек. Күрішбаевтың айтуынша, гидромет қызметін жаңғырту қажет. Ауа райының нақты болжамының болмауынан фермерлер егін егудің оңтайлы мерзімін анықтай алмайды. Биыл солтүстік өңірлер дәнді дақылды ерте еккендіктен егіннің 3/1-бөлігі желге ұшқан. Сондай-ақ , өнімнің тұрақтылығы топырақтың құнарлылығымен де байланысты деді депутат.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Елдегі мемлекеттік агрохимиялық қызмет бұл жұмысты тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмай отыр. Есеп комитетінен агрохимиялық қызмет көрсету республикалық ғылыми әдістемелік орталығына жұмсалатын бюджет қаражатын тиімділігін мұқият тексеруді сұраймыз. Оған жыл сайын 400 млн теңгеге жуық қаражат мемлекеттен бөлінеді.
Л. Қуанышқызы