Қостанайда Лисаков қаласының тұрғыны - 65 жастағы ер адам көрші тұратын әйелге және оның қызына оқ атқан. Оқиға орнына келген полицияға да бағынбай, оларға да оқ жаудырған. Туыстан да жақын жандардың арасындағы қақтығысқа себеп болған не жағдай? Зейнеткер қаруды қайдан алған? Тілшіміз Заңғар Санайдың репортажы.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Елді дүрліктірген оқиға Лисаков шаһарындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Ер адам екі көршісін «Сайга» аңшы мылтығымен атып тастады. Алған жарақатынан анасы қаза тауып, қызы ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Валентина ТАВРУЕВА, КУӘГЕР:
Ол адамның бәріне оқ жаудырды. Полиция келмегенде не боларын да білмеймін. Сонда да полиция қызметкерін қолынан жарақаттады.
Куәгерлердің айтуынша, үйдің кіре берісіндегі жөндеу жұмыстарына байланысты дау туып, соңы үлкен жанжалға ұласқан. Ашуға булыққан ер адам полицияға да бағынбаған. Оларға қарсы оқ жаудырып, полицейдің біреуін жаралаған. Тәртіп сақшылары жағдай қиындап бара жатқан соң күдіктіге қарсы оқ атып, оны қолға түсірді.
Қайыржан КҮДЕБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕРГЕУШІСІ:
Алған жарақатынан күдікті ауруханада көз жұмды. Сонымен қатар жараланған әйел мен тергеушіге көмек көрсетілді. Қазір жағдайлары жақсы. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Ксения ЖЫЛҚЫБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
33 жастағы әйел дереу жансақтау бөліміне жеткізіліп,бірнеше сағат операция жасалды. Қазіргі таңда оның жағдайы сәл тәуірленді. Бірақ жағдайы ауыр. Жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылды. Ал 1993 жылы туған полиция қызметкерінің иығы жараланған. Сол күні оған қалалық ауруханада ота жасалды. Қазір емдеу қабылдап жатыр. Жағдайы орташа.
Атыс кезінде күдікті он бес рет, полицейлер сегіз рет оқ атқан. Көршісін атып өлтірген зейнеткер бұрын күзет агенттігінде жұмыс істегені анықталды. Зейнеткерлікке шыққан соң аңшы мылтығын сатып алып, құзырлы орындарға тіркеген. Қазір сараптама жұмыстары жүргізіп жатыр. Ал прокуратура полицейлердің қару қолдану заңдылығын зерттеуге кірісті.
З. Санай