Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Еркекті "әйел", әйелді "еркек" деп ауыстырып қойған

Еркекті "әйел", әйелді "еркек" деп ауыстырып қойған

Халық санағында өрескел қате көп. Деректер базасында "Еркекті - әйел, әйелді - еркек" деп ауыстырып қойған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы айтты. Ал, тұрғындар тарапынан наразылық тудырған сұрақтарды жауаптылар жолдадық. Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

"Сіз қанша тірі бала тудыңыз?", "Үйіңіздің қабырғасы неден тұрғызылған?" осы сынды сұрақтар санаққа қатысушыларды ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Десе де, бюро басшысы мұны қателік деп санамайды. Өйткені бұған дейін өткізілген науқанда да бұл сауалдар болған деді.


Мұндай сұрақтар не үшін керек? Бұған да жауап дайын. Айтуынша, тірі туылған балалардың жалпы саны, туу деңгейін бағалауға керек-мыс. Дегенмен осы тектес олқылықтар дәстүрлі санақта қайталанбауы үшін, арнайы мамандар оқытылып жатқан көрінеді. Ал, олар сұрақтарды адамдардың ар-ожданына тимейтіндей етіп қояды, дейді.

Нұрболат АЙДАПКЕЛОВ, ҚР СЖРА ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз арнайы филологтермен жұмыс істеген жоқпыз. Бірақ, өзімізде демограф мамандар бар.  Сол кісілермен жұмыс істеп, жаңағы сұрақты қандай дәрежеде қойғанымыз дұрыстығы туралы егжей-тегжейлі біз сараптадық.


Ұлттық статистика бюросы, күні бүгінге дейін 3 миллионнан аса адам санаққа қатысқанын айтты. Олардың ішінде жынысына "күле қарағандар да" болған. Яғни сауалнамада еркек-әйел болып, әйел еркек болып толтырыпты. Бұл базадағы қателік, дейді. Яғни, деректер автоматты түрде сақталып тұрған.

Нұрболат АЙДАПКЕЛОВ, ҚР СЖРА ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

4 ер адам деректер базасында "әйел" деп көрсетілгені белгілі болды. 3 әйел адам "ер адам" ретінде көрсетілген. Бұл адамдарға мәртебесін өзгерту үшін ХҚКО жүгіну ұсынылды.

Айтпақшы, санақтан өту үшін мобильді қосымша ашылмаған. Нұрболат Айдапкелов  "Онлайн халық санағы" деген бағдарламаның көзі жойылғанын айтты. Құрастырғандар, алаяқтық жолмен тіркелген халықтың деректерін жан-жаққа тарату үшін жасалған болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.  

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Санақтың дәстүрлі түрі қазанның 1-інен, ай соңына дейін жалғасады. Тұрғындар барлығына жауап беруі шарт емес. Ал, көпшілік үшін орынсыз болып отырған сұрақтар мүлдем өзгертілмейтін болып шықты.

А. Данияр