$486.44 €534.31 ₽5.06
×

«Самұрық-Қазына» қызметкерлерінің 75% коронавирусқа қарсы екпе алды

AstanaTV
15.09.2021ж. 20:00
1205
«Самұрық-Қазына» қызметкерлерінің 75% коронавирусқа қарсы екпе алды

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы қызметкерлерінің 75% коронавирусқа қарсы екпе алды. Бұл- 200 мыңнан астам адам. Екпе ерікті түрде, жұмысшылардың толық келісімімен салынған.  Өндірістік нысандарға арнайы жылжымалы топтар барып, егу шараларын жүргізді. Оған қоса, Қорда Covid-19-ға қарсы Жедел штаб құрылып, вакцина салуға ынталандыру шаралары ұйымдастырылды.

Қор тобындағы қызметкерлерге жан-жақты жағдай жасалған. Қазақстанда рұқсат етілген барлық препарат қол жетімді. Одан бөлек, қызметкерлердің ынтасын арттыру үшін қосымша демалыс  беріледі. Вакцинацияланған адамдар үшін қоғам белсенділері мен медицина қызметкерлері және психологтармен кездесулер ұйымдастырылған.

Мұхтар МАНКЕЕВ, «САМРҰҚ-ҚАЗЫНА» АҚ КОРПОРАТИВТІК БАСҚАРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОР:

Вакцинация мәселесі, тағы да айта кетейін, біздің қор үшін қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі. Экономикаға тікелей өзінің әсерін тигізіп отырған қордың біздің портфельді компанияларды алатын болсақ, біздің басты мақсат солардың жұмысын тоқтатпай, одан әрі жұмыстарын, өндірістік жұмыстарын жалғастыру болып табылады.  

Қордың ресми сайтында "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобында вакцина салғызған қызметкерлер санын көрсететін арнайы есептеуіш іске қосылған. 270 мыңнан астам қызметкері бар "Самұрық-Қазына" Қоры ұжымдық иммунитет қалыптастыруға белсенді атсалысты. Әлеуметтік желілер, салалық бұқаралық ақпарат құралдары мен бейнероликтер арқылы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. #менекпеалдым  челленджі аясында компания басшылығы екпе алып, үлгі көрсетті. Одан бөлек Қор Біріккен Араб Әмірлігі шығарған Hayat-Vax вакцинасының 1 млн дозасын сатып алуға қаржы бөлді.

Мұхтар МАНКЕЕВ, «САМРҰҚ-ҚАЗЫНА» АҚ КОРПОРАТИВТІК БАСҚАРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОР:

Ол жылдың басында вакцина 2 партия 400 мың және 600 мың  дозасы елге сәуір және мамыр айларында келген болатын. Ол үлкен көмек болды деп айтуға болады өңірлерге.


Қор басшылығы енді жаңа бастаманы іске асырмақ. Жолаушылар көп жүретін темір жол вокзалдары мен поезд вагондарында вакцина егу қосындарын жасақтау  қарастырылып жатыр.

А. Базарбай