$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қостанай тұрғындары екі жылдан бері іргедегі көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр

AstanaTV
16.09.2021ж. 20:00
1774
Қостанай тұрғындары екі жылдан бері  іргедегі  көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр

Қостанай қаласының тұрғындары табиғи отынға қол жеткізе алмай отыр. Шаһар шетіндегі шағын ауданға екі жыл бұрын газ құбыры тартылған. Бірақ тұрғындар көгілдір отынның игілігін әлі көрген жоқ. Осыған дейін  отын жарып, көмір тасыған көпшілік  бұл  бейнеттен тезірек құтылғысы келеді. Қыс жақындаған сайын олардың уайымы тіпті күшейе түсті. Ал бұған билік өкілдері  не дейді? Мәселе қашан шешіледі? Өңірден- Заңғар Санай.

Қостанай-2 шағын ауданына газ құбырын тарту жұмыстары 2019 жылы басталған. Ол үшін жергілікті бюджеттен 250 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Бірақ мердігер межелі жұмысты мерзімінен кеш аяқтады. Ал көгілдір  отынның іргеге жеткеніне қуанған жұрт құны қымбат құрылғылар сатып алған. Монтаждау жұмыстарын қосқанда бас-аяғы 600 мың теңге жұмсадық дейді.

Алёна ГЕРМЕС, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Газ жабдықтарын, дабылқаққыш, есептегіш құралын сатып алдық.Үйдің  жылу жүйесін   жаңаладық. Енді міне тоңып отырмыз. Жылыту маусымы басталып кетті.Отын-ағаш сатып алуымыз керек. Ал пештерін алып тастаған тұрғындар қайтадан шығындалып, оны орнатуы  қажет. Өте қиын жағдайға тап болдық.

Жәдігер ИБРАЕВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Биыл бірінші августе газ береміз деді.Енді міне қыркүйектің ортасы болды. Айтса екен оның болатынын немесе болмайтынын. Ағаш алыңдар, көмір алыңдар деп те айтпайды.Не істерімізді білмейміз.Жауап та бермейді.

Осыған дейін әкімдікке бірнеше рет ұжымдық хат жазған халық  бұл жолы қалалық бөлімге өздері келіп,  тікелей басшымен сөйлесті.Толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Нұралы ЕСІРКЕПОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 
Красный кузнец және Қостанай-2 аумағы бойынша  осы айдың соңына дейін абоненттерді көгілдір отынға қосу  жоспарда бар.Тек техникалық шарты бар тұрғындар қосылады. Жоспарымыз жүзеге асады деп ойлаймын.

Қостанай-2  шағын ауданында 850-ге жуық  абонент бар. Осы күнге дейін соның 10 проценті ғана техникалық шарт жасатқан. Ал  қалғандарына табиғи газ  қашан берілетіні белгісіз. «ҚазТрансгазАймақ» мекемесінің өкілі қала бойынша газ қысымының төмендеуіне байланысты техникалық шарттар  беру мәселесі уақытша тоқтатылғанын хабарлады.

З. Санай