"Алтын белгі" иегерлері мемлекеттік гранттан қағылуы мүмкін. Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір топ түлек осылай деп редакциямызға хабарласты. Олар бір аптадан бері білім грантының иегері екенін растайтын сертификатқа қолдары жетпей жүргенін айтты. Айзада Төребекқызы мәселені анықтауға тырысты.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік алған түлектер министрлік бекіткен тізімде бар. Бірақ қолдарында оны растайтын сертификат жоқ. Осылай деген олар тиісті құжатты беруі тиіс мекеме кенеттен мүлдем басқа оқу орнына өтініш жазу туралы ұсыныс айтты деп отыр.
Гүлдана Ораз:
122 балл алдым. Алтын белгі иегерімін. Мен бірінші тізім бойынша Асфендияровта Қазақ Ұлттық медицина университетінің грант иегері атандым. Ал екінші тізім бойынша Астана медицина университетіне түстім. Ал енді бүгін сертификатымды алуға келсем, бұл жерде маған Сыздыкова Жанат апай: «Сен басқа қалаларға - Семей, Көкшетау, Түркістан, сол қалаларға өтініш жазып, мамандығың бойынша грантыңды сақтап қала аласың», - деп жатыр.
Тізім шыққалы студент атанған жастардың бір легі бүгін жолға шығуға билет алып қойған. Енді дағдарып қалған.
Гүлнара Сәрсенбаева, ата-ана:
Семейге, Көкшетауға, Түркістанға, сол жақа жазыңдар, сендерге грант береді деп бізді алдап отыр тағы да. Бір апта ана заявлениені шеше алмағанда, ертеңге дейін қазір жаздырып, оны қай уақытта шешпекші?! Соған біз ашынып отырмыз.
Гранттан қағылғалы тұрмыз деп шуласқан ата-аналардың дерегінше, әрі-сәрі күйге түскендердің жалпы саны жетпістен асатын көрінеді. Сертификатын ала алмай жүргендердің басым бөлігі медицина мамандығын таңдағандар. Ата-аналар тіпті білім грантының келіп тұрған сертификатын да ала алмай отырғанын айтты.
Зейнеп Суранова, ата-ана:
Газетада осы жерде сертификат тұр. Көзімізбен көрдік. «Бізде жоқ ол сертификат» деп тұр. -Қай күні көрдіңіз сертификат барын? -17-сі күні келіп қолыма сертификатты ұстап тұрдым мен. Соны беріңіз маған, газетпен шыққан сертификатымды беріңіз десем, қазір бермей тұр. Бізге айтады, Ақтөбеге жазыңыз, анда жазыңыздар. Соның өзінде, грант болады ма, болмайды ма - гарантия жоқ деп тұр.
Дегенмен куәліктердің не себепті берілмей жатқанын білу мүмкін болмады. Құжаттармен айналысқан оқу орнындағылар бар мәселені министрлікке сілтеп, сұқбат беруден бас тартты.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Материал эфирге әзірленіп
жатқанда шағымданған түлектер мәселе шешілгенін хабарлады. Олардың 30 шақтысы
қолдарына құжаттарын алған. Дегенмен, бүгін де сертифкат соңында жүргендер бар.
Ата-аналар бұл мәселе оқу жылының басталуына санаулы күн қалғанда балаларды
әбден әбігерге салды деп отыр.
Айзада
ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ