Ұмытыла бастаған салт-дәстүр қайта жаңғыртылады. Елордада «JAS NOMAD» жобасының ашылу рәсімі өтті. Жоба 3 жылдан бері дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жолғы шара тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған. Бас қала жастары оған тегін қатыса алады. Әріптесім Асылбек Данияр толығырақ тарқатады.
«JAS NOMAD» жобасы 4 кезеңнен тұрады. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы елорда жастары қатыса алады. Шара барысында қатысушылар үшін салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтар мен тағамдарды жасаудан шеберлік сабақтар ұйымдастырылады. Оқу оффлайн және онлайн түрде өтіп жатыр. Карантин талаптарына байланысты адам санына шектеу бар. Жастар орталығы өкілінің айтуынша, дәрістер әр түрлі локацияда өтеді.
Аян ЕРМЕНТАЕВ - НҰР-СҰЛТАН қ. "АСТАНА ЖАСТАРЫ" КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Онлайн форматта өткізілетіндердің барлығы: тренингтер мен семинарлар, былайша айтқанда оқыту жұмыстары. Ол жерде жастар күнделікті тағамдардың жасалу түрлерін одан бөлек, құрақ тігу немесе көрпе тігу яғни тігін бағыты бойынша да онлайн форматтарда олар тегін түрде ала алады семинар-тренингтерді.
Жобаның алғашқы күнінде жастар қаладағы "Жетісу" саябағында киіз үй тігуді үйренді. Көшпелі халықтың баспанасы туралы жан-жақты мәліметке қанықты. Ашылу салтанатына қатысқан қонақтар жоба қатысушыларына сәттілік тіледі.
Камал ӘБДІРАХМАН, "ҚАБАНБАЙ БАТЫР" КЕСЕНЕСІНІҢ ШЫРАҚШЫСЫ:
Жалпы, жастардың бүгінгі істеген ісі қуантты. "Бұдан әрі қарай да жалғастырамыз", деп отыр ғой ол да жақсы нәрсе. Біздің барлық құндылықтарымызды көтеріп алып шығу деген үлкен жұмыс.
Тарихшы Батырхан Жұмабаевтың айтуынша, жастар салт-дәстүрді білуі керек. Сондықтан мұндай шаралар әрі қарай да жалғасу керек деп есептейді.
Батырхан ЖҰМАБАЕВ, "ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН" ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Еліміздің ертеңі - бүгінгі жастар. Сондықтан, еліміздің ертеңі болуы үшін ол жастар ертең бір отбасы болады. Аталаған дәстүрді жалғастыру үшін, осы мақсатта ұйымдастырылып отырған іс-шара. Сондықтан да бұл шараның келешек ұрпаққа, жастарға берері мол.
Жоба жыл соңына дейін жалғасады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтынан қатысу шарттарымен танысуға болады.
А. Данияр