Қостанайда көпбалалы отбасы далада қалды. Үйі өртеніп, дүние-мүлкі түгел жанып кеткен жанұяға көмек керек дейді ауылдастары. Айтуларынша, баспананы қалыпқа келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Ал жалғызбасты ананың үйді жөндеуге мүмкіндігі жоқ.
Тілсіз жау үйелмелі-сүйелмелі отбасын далада қалдырды. Қос пәтерлі баспананың бір бөлігін мекендеген Курочкиндер енді қайда барарын білмейді. Дүние-мүлік, киім-кешек түгел жанып кеткен. Айтуларынша, өрт электр сымдарының тұйықталуынан болған.
Римма КУРОЧКИНА, КЕНТ ТҰРҒЫНЫ:
Дүние-мүлкім түгел жанып кетті.Жиһаздар күлге айналды. Оның несиесі ғана қалды.Үстімізде не бар,сонымен ғана қалдық. Құжаттарымыз жанып кетті.
Шиеттей бала-шағамен шырылдап қалған жалғызбасты анаға Қостанай жұрты қолдан келгенше көмек қолын созуда. Азық-түлік, киім-кешек жеткізіп беріп жатыр.Қайырымды жандардан бір миллион теңгеден астам ақша жиналған.
Бауыржан ЖҮСІПОВ, КЕНТ ТҰРҒЫНЫ:
Әлеуметтік желілер арқылы хабарлап жатырмыз. Кеше еріктілер қол ұшын беруге келді.Ақырындап адамдар атсалысуда.Бәрі қолдан келген көмегін жасап жатыр.
Даниль КОПЫЛОВ, ЕРІКТІ:
Отбасының қиындыққа тап болғаны жөнінде әлеуметтік желіден білдім.Мұндай жағдайға кез-келген адам тап болуы мүмкін ғой. Сондықтан келіп көмектесу керек деп шештім. Дәл қазір оларға қолдау керек.
Шаһар билігі кәсіпкерлерді жұмылдырып, күл-қоқысты тазартып жатыр. Оған қоса материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады. Бірақ, қабырғасы ғана қалған баспананы қайта қалыпқа келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Жалғызбасты ана көпшіліктен көмек сұрайды.
З. Санай