Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Жыл басынан бері 250 май құю бекеті жұмысын тоқтатыпты

AstanaTV
22.09.2021ж. 20:00
1217
Жыл басынан бері 250 май құю бекеті жұмысын тоқтатыпты

Күнгейдегі май құю бекеттерінің жұмысы тұралап тұр. Күзгі жиын-терім кезінде дизель отыны ғана емес, сұранысы жоғары АИ-92 маркілі бензин тапшылығы да байқалуда. Осының салдарынан шағын май құю бекеттерінің көпшілігі жабылып қалудың  аз-ақ алдында тұр. Қазірдің өзінде кішігірім стансалардың кейбірі жұмысын тоқтатқан. Жанар-жағармай қауымдастығының мәліметінше, осы саладан нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлердің 80 пайызы сатарға өнім таппай отыр. Бүгін олар өз нарызылықтарын білдірмек боп жиылды. Әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.

Бес бірдей май құю бекеті бар Берік Жұмабеков, он күннен бері кәсібін тоқтатыпты. Ол осы айда қажетті 350 тоннаны бес есе аз алғанын алға тартты. Бұл - мұнай өнімін тарататын компаниялардың қыспағы дейді.

Берік ЖҰМАБЕКОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Дизель отынының бағасы 162 теңге өзіндік құны. Ал осы айда бізге осы Петросанның жаңағы оптовик компаниялары бар, жаңағы бізге берілмеген объемды өздері рынокқа шығарады. Олар бізге дизель отынын 205 теңгеден ұсынды. Ал сол уақытта газпром мен синойл, энерджи, Қазақойлда 199, 193, 196 деген бағалар болды. Біз әрине оны 205-тен алып сата алмайтын болғаннан кейін жанар-жағармай бекетімізді жауып отырмыз.

Өңірдегі 600-дей май құю стансасының 400-ге жуығы шағын бекеттер. Солардың 80 пайызында жағдай осыған ұқсас. Мұны қауымдастық өкілдері айтты. Ал алпауыттары бар өнімді тек талонмен беріп жатқаны, бірәз сырды аңғартатыны айтпаса да түсінікті десті жиналғандар. Олар жауапты орындарға бағаны бағындырып,  бәсекелестікті бақылауды сұрады.
 
Жұмабек ПАРМЕН, ЗАҢГЕР:

Конкретно сұрақ антимонопольный комитетке. Сіздер айтып жатсыздар, рыночный экономика дейсің. Олар бағаны өзі қоя алады. Ал негізінде добросонный конкуренцияны сіз қадағалау керексіз. Сіздің міндетіңіз тікелей. Ал оны ешкім қадағалап жатқан жоқ. неге, сол сұрақ.

 
Кәсіпкерлердің білуінше, өңірдегі мұнай өнімінің 80 пайызы аталмыш компания арқылы үлестіріледі екен. Алайда жиналғандарға онлайн байланыс арқылы жауап берген «Петросан» өкілі өз өнімінің контробандалық жолмен кетіп жатқанымен байланыстырды.

Нұржан САРТБАЙ, "PETROSUN" ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздегі жанар-жағармай мен сұйық отынның қайда кетіп жатқанын сіздер өте жақсы білесіздер. Көрші елдерден тауар тасымалдайтын көптеген ауыр жүк көліктері біздің елден май құяды.  Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанмен салыстырғанда бізде баға әлдеқайда арзан. Сондықтан барлығы осы жақтан құйып кеткісі келеді. Меніңше қазіргі тапшылыққа негізгі себеп осы.

Министрліктегілердің жауабы біреу. Бұл қиындықтан шығудың амалы бағаны өсіру деді.
 
Талғат ҚҰРМАНБАЙ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

Я скажу так, что и крупные довальческие .. петросан будут поднимать цен.


Баға өскені өз алдына, басымдық ендігі жерде тек ірі май құю бекеттеріне ғана берілетіні де айтылды. Бірақ бұл жауап жиналғандарды қанағаттандырмады.
 
Кәсіпкерлер нарықта тек ірі компаниялардың ғана қалуы халықтың күнделікті тұтынып отырған ас-ауқатының қымбатшылығына әкеліп соғады деген қорқынышын да жасырмады. Қауымдастық мүшелері болса жыл сайын қайталанатын жанар-жағар май мәселесі үкіметтік деңгейде шешілсе деген талаптарын қойды.

Бақытжан ҚОЛДАСОВ, «ЫНТЫМАҚ» ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Бұл проблема бүгінгі проблема емес. бұл проблема болғанына 5-6 жыл болды негізі. Біз жыл сайын жиналамыз. Жыл сайын мұңымызды айтамыз, жыл сайын бізге шешеміз дейді. шешеміз дейді да бірақ шешіліп жатқан жоқ. Ендігі амалымыз біз енді антимонопольный комитетке жиналып шағым жазамыз.


Айта кетейін, өңірде жыл басынан бері 250 май құю бекеті жұмысын тоқтатыпты. Мәселе шешілмесе олардың қатары тағы артатын түрі бар.

А. Төребекқызы