Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда бидай бағасы қымбаттап барады

AstanaTV
23.09.2021ж. 20:00
2596
Қазақстанда бидай бағасы қымбаттап барады

Қазақстанда бидай бағасы  қымбаттап барады. Қазір  бидайдың бір тоннасы- 120 мың теңге.  Шикізат құнының шарықтауы сәйкесінше   дайын өнім бағасына әсер етеді. Бидайды қымбат бағаға сатып алған  наубайханалар енді нан бағасын көтеруге мәжбүр екендерін айтады. Ас атасы тағы қымбаттай ма? Жергілікті билік қандай амал қолданбақ? Мәселенің мән-жайын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин білуге тырысты.

Ауғандық тұтынушылармен  әріптестік орнатқан соң үш ай тұралаған   ұн фабрикаларының тіршілігіне қайта  қан  жүгірді.  Бірақ, нарықта шикізат тапшылығы пайда болды, дейді олар. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы қыркүйектің басында үшінші сұрыпты бидайдың құнын 103 мың теңге деп белгілеген. Ал енді  араға 3 апта салып, дәнді дақылдың құны 125 мың теңгеге шарықтады.  Осының салдарынан ұн фабрикалары бидай алу үшін шаруалардың көңілін табуға тырысуда, ал тіпті кейбіреулері бір-бірімен тартысуға мәжбүр болып отырғандарын айтады.

Таисия КОЛЛЕГОВА, ДИІРМЕННІҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Биыл егін нашар шықты. Сондықтан шаруалар қазір бидайдың бір бөлігін ғана сатып, қалғанын келесі жылға дейін қоймада сақтамақшы.  Осының кесірінен нарықта бидай тапшылығы туындап отыр. Баға күнде өсіп жатыр.  Қазір шаруалар бидайдың тоннасын 120-125 мың теңгеден өткізіп жатыр. Себебі, трейдерлердің тарапынан сұраныс бар. Олар шикізатты қымбатқа сатып алып, экспортқа жібереді.


Бидай бағасының көтерілуі   нанның  бірден 10 пайызға қымбаттауына әкелді.  Қаладағы ірі найбауханалар өнім  құнын өсірмей, бірқалыпты   ұстау үшін қамбаны шикізатқа толтырып,  қысқа қам жасауда.  

Ирина ГАГАНОВА, «ПЕТРОПАВЛ НАН-ТОҚАШ КОМБИНАТЫ» ЖШС БАС ЭКОНОМИСІ:


Былтыр біз бидайды 80 теңгеден сатып алдық, биыл ол 30 пайызға өсті. Қазір наубайхана әлеуметтік нанды 71 теңгеден өткізіп жатыр. Бірақ бұл бағаны ұзаққа дейін ұстай алмаймыз. Ал нанның қалған түрлері жылдың аяғына дейін аспандайтыны сөзсіз. Кем дегенде 15-20 пайызға. Себебі, шикізаттың құны өте тұрақсыз.

Ал жергілікті билік тек  әлеуметтік нан бағасына  алаңдаулы. Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан 93 теңгеден аспауын бақылап отыр. Әкімдік кәсіпкерлерге субсидия   қарастырған.  

Ләззат ГАЛЕЕВА, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Облыстық әкімдік ең ірі диірменге ұнның 3000 тоннасын өндіру үшін субсидия бөлді. Келісім-шартқа сәйкес ұн фабрикасы бізге ұнды 105 теңгеден ұсынуы тиіс. Бір айда олар ұнның 242 тоннасын өндіреді. Біз оны наубаханаларға таратып, олар бір айда 536 мың бөлке әлеуметтік нан пісіреді. Аталған келісім-шарт 10 айға созылмақ. Демек, келесі жылдың күзгі маусымына дейін жұртты әлеуметтік нанмен қамтамасыз етеміз. Ал нанның қалған түрлерін әкімдік бақыламайды.

Ал сала мамандары үкімет  бидай экспортына кедендік баж салығын енгізу керек деп санайды. Сонда сыртқы сұраныс саябырсып, бидайдың бағасы құбылмайды. Бұл ұсынысты аймақ белсенділері   бұған дейін де бірнеше    мәрте жоғарыға  жолдаған. Бірақ   оған әзір  ешкім құлақ асар емес дейді.

А. Құрманкин