Елордада төрт жүзге жуық мүлік иелерінің бірлестігі тіркелген. Яғни, тұрғындар пәтер иелері кооперативтерінен бас тартқан. Көпқабатты үй тұрғындары енді өз еркімен серіктестік немесе мүлік иелерінің бірлестігін құра алады.
Мүлік иелерінің бірлестігін құру елімізде қарқынды жүріп жатыр. Елорданың өзінде 400-ге жуық тіркелген. Бірлестікке баспана иелерінің бірі төрағалық ете алады. Алайда ол көрші –көлемнің басым бөлігінің дауысын жинау керек.
Гүлвира ӘБЕТОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ МИБ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл заң талабы. Басқарудың тек екі формасы бекітілді. Меншік иелерінің бірлестігі немесе серіктестік құру. Яғни, барлық меншік иелері –екі форманың бірін таңдау жөнінде шешім қабылдауы керек.
Бірлестіктің басты ерекшелігі -есеп-қисап ашық жүргізіледі.Тұрғындар барлық сметалар мен шығындарды үнемі қадағалап отырады. Сонымен қатар, төраға тек бір жылға сайланады. Қайта сайлануына да мүмкіндік бар.
Гүлвира ӘБЕТОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ МИБ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бірлестіктердің көбісі өз үйлеріне сандық қосымшалар енгізіп жатыр.Сол арқылы еш кедергісіз бухгалтерлік есепке қол жеткізеді. Меншік иелері жұмыстан бос уақытта қосымшаға кіріп, оған тіркеліп, қандай төлем жасалғанын көре алады.
Егер мүлік иелерінің бірлестігі жұмысты жүйелі жүргізе алмаса және төрағаны өз бетінше қайта сайлай алмағанда , тұрғын үй басқармасына жүгіну керек. Мұндай жағдайда жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі.
Ернар ҚИЯБАЕВ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Ең алдымен бізде төртінші бөлім бойынша ескерту жасалады, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Осы тектес жағдайлар туындамауы үшін елордада мүлік иелері бірлестіктерінің орталығы құрылған. Онда төрағалар мен келешекте бірлестік басқарғысы келетін тұрғындарға кеңестер беріледі.Қажетті құжаттарды жинауға, есептер шығаруға көмектеседі. Бұл қызметтердің барлығы- тегін.
З. Санай