Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Тұрғын үй бағасы 30 пайызға дейін қымбаттайды, - Талғат Ерғалиев

AstanaTV
29.09.2021ж. 20:00
1113
Тұрғын үй бағасы 30 пайызға дейін қымбаттайды, - Талғат Ерғалиев

Елімізде пәтер бағасы келер жылы 30 пайызға дейін қымбаттайды. Бір шаршы метр құны- 600 мың теңгеге жетуі мүмкін.  Бұл-Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтың болжамы.   Мұндай болжам жасауға  бірнеше себеп бар  дейді ол.  Ал құзырлы орындар бұған не дейді? Ақпарат шындыққа жанаса ма? Тілшіміз Бекболат Сатуовтың бейнематериалы.   

Құрылысшылар одағы төрағасы биыл пәтер бағасы 15 пайызға дейін қымбаттады дейді. Ал келер жылы бұл көрсеткіш 30 пайызға жететінін айтады. Зерттеген, нақты себептерін анықтаған.

Талғат ЕРҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Құрылыс заттары 30-60-90 пайызға жалпы өсті.Енді бір зат 30 пайызға қымбаттаса, бір зат 90 пайызға қымбаттады. Аяғында 35-40 пайызға құрылыс қымбаттады.Сондықтан осы өткен көктемдегі бағаға қарағанда келесі жылы көктемде 25-30 пайызға дейін шаршы метрінің бағасы қымбаттайды.

Жауапты министрлік те тұрғын үй бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер еткенін  айтады. Пандемия кезінде өзге елдермен  алыс-беріс тоқтады, құрылыс материалдарының тапшылығы сезілді, бағасы өсті, сондай-ақ зейнетақы қорынан берілген қаржы   да  бағаның өсуіне себеп болған.  Бірақ 30 пайызға көтеріледі  дегенмен келіспейді.

Марат ҚАРАБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Осы уақытқа дейін 1,5 трлн теңгеге дейін ақшаны зейнетақы қорынан алуға болды, соның себебінен тұрғын үй сатып алуға  мүмкіндігі болды. Осы үш фактор әсерінен тұрғын үй бағасы 13-15 пайыз көтерілді. Ал қазір ондай факторлар мен болжамдар күтіліп отырған жоқ. Сондықтан, 30 пайыздық қымбаттау болжамы негізсіз деп ойлаймын.

Вице-министрдің сөзіне сенсек, алдағы 4 жылда тұрғын үй салуға қажетті материалдың бәрі Қазақстанда өндіріледі. Бұл бағаны тұрақтандырады деді ол.  Біртіндеп жағдайдың түзеліп келе жатқанын айтты.

Марат ҚАРАБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Жылдың басында немесе ортасында болған бағадан кейбір жерлер төмендеді де құрылыс материалдары. Ішкі нарықтың 60 пайызы отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілген.

Вице-министрдің айтуынша, бағаны алыпсатарлар мен сатушылар көтерген.  Оларды бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары сабасына түсірген көрінеді.  

Б. Сатуов