Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Павлодарда 300-ге жуық көп қабатты үй жылусыз отыр

AstanaTV
30.09.2021ж. 20:00
1497
Павлодарда 300-ге жуық көп қабатты үй жылусыз отыр

Ал Павлодарда 300-ге жуық көп қабатты үйде жылу жоқ. Күн  күрт суытып, үйлерінде бүрсең қаққан тұрғындар жылудың уақытылы берілмей жатқанына наразы. Сондай-ақ шаһарда тағы бірнеше үй  жарықсыз қалған.   Жылусыз, ыстық сусыз, жарықсыз қалған жұрттың жанайқайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар жеткізеді.

Суық үй, мұздай су Галина Грушаны әбден әбігерге түсірді.  Ол аздай төрт күннен бері жарық жоқ.

Галина ГРУША, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Пәтеріміз тастай суық. Үстіме күртешемді, басыма бас киімімді киіп алып отырам. Түнде де осы киіммен ұйықтаймын.  Әйтпесе, мына суықта жылыну мүмкін емес.  Жылытқыш қосып, ыстық шәй ішейін десең жарық та жоқ.

Кейінгі кездері қалада жарықтың өшуі жиілеген. Сибирская көшесінде орналасқан көп қабатты үй тұрғындары бір тәуліктен бері жарықсыз қалғандарын айтады.

Айгүл МҰСАПОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Свет болған жоқ кеше сағат 5-те өшкеннен. Содан отырдық. Газымыз жоқ жағайық десек. Барлығы мұнда тоқпен ғой. Тамақ алғыздық заказбен. Мына жерде көршінің үйінен барып шай қайнатып әкеліп, шәй қойып шәйнекпен шәй бердім. Енді қайда барамын.

Шәмшия ҚҰСАЙЫН, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Барлық маңаттағы үйлерді қосқанда біздің үй светсіз қалды. Бір поблема 5 жылдай болып қалды. Былтырда осындай проблема болған свет өшіп. Биыл тағы да сол проблема болып тұр.


Павлодарда жылу беру маусымы қыркүйек айының ортасында басталса да, әлі 300-дей көп қабатты үй жылусыз, ыстық сусыз отыр.
 
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодар қаласында жылу және кәріз желілерінің 80 пайызы ескірген. Ал су құбырларының 65 пайызының тозығы жетіпті. Жылу мен ыстық судың уақытылы берілмеуіне де осы түйткіл себеп болған.

Салтанат ӘКІМБЕКОВА,  ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Кривенко көшесінде жылу құбырын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар аяқталды. Жылу құбырын іске қосу бойынша дайындық басталды. Жылу осы аптаның соңына дейін берілетін болады.

Ал жарықтың өшуіне электр желісін шамадан тыс пайдалану әсер еткен. Өйткені жылусыз қалған тұрғындар тоқ пеш қосуға мәжбүр болып отыр.   Биліктегілер жарық мәселесін  шешеміз дейді.

Ө. Қуанар