$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Ақтөбеде қашқын инвесторға қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
22.08.2017ж. 20:00
2851
Ақтөбеде қашқын инвесторға қатысты сот отырысы басталды

Ақтөбеде бірнеше құрылыс компаниясының иесі Гегам Асрянға қатысты алғашқы сот тыңдалымы өтті. Қазір халықаралық іздеуде жүрген инвесторға жасырын келісім арқылы ақша жымқырып, алаяқтық жасады және салықтан қашты деген айыптар тағылып отыр. Армения азаматы жымқырған қаржы көлемі қанша? Айыпталушылар қатарында тағы кімдер бар? Жақсыбек Кемал тарқатады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Айыпталушылар қатарында Асрянның қарамағындағы серіктестік басшылары, заңгер, сондай-ақ әділет саласының екі маманы бар. Барлығы 7 адам. Екі сот орындаушысы бұғатталған фирма меншігіндегі нысандарды заңсыз есептен шығарғаны үшін айыпталып отыр. Тергеу материалдарына сүйенсек, олар құрылыс компаниясы басшысының сыбайластары.

Белгілісі, Асрянның атына 8 серіктестік тіркелген. Оның бірі «Окси билд» деп аталатын компания «Юнис сити» тұрғын үй алабын салған. Құрылыс аяқталған соң пәтерлер банкке кепіл ретінде рәсімделіпті. Біраз уақыт өткен соң, бұл нысандар тіркеуден заңсыз шығарылып, сатылған. Әділет саласының мамандары бұл қызметтері үшін мекемеден екі пәтер алған. Ал банкке миллиард теңгеден астам шығын келген.

Орынбасар Меңдібаев, прокурор:

Асрян, өтелмеген несиелері бола тұра және иелігіндегі нысандардың қарызын қайтармастан, Безнесюк пен Берденоваға «Юнис сити» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді рәсімдеуді ұсынған. Яғни «Кеш кредит» деп аталатын мекеме арқылы екінші дәрежелі банктерден несие алу үшін кепілге қойылған. Ол басқаның меншігін алып қою мақсатында, «Окси билд» серіктестігі сатушы және сатып алушы арасында әр түрлі жалған келісімшарттар жасалған.

Асрянның бұл әрекетінен 160 адам опық жеген. Олардың бәрі «Юнис сити» кешенінен  пәтер алған. Тұрғындар баспананы шағын несие беретін компания арқылы бірнеше жыл бөліп төлеуге келісіп рәсімдеген. Ал пәтерлердің заңды иесі сол компания саналады. Дегенмен, баспана әділет орындарына тіркелмеген, тұрғындар да үйдің заңды иесі екенін айғақтайтын құжат жоқ.

Вера Сапурова, зардап шегуші:

Біз келісім бойынша алғашқы кепіл ақшаны бердік. Мамырдан бастап ай сайынғы қарызын өтей бастадық. Бізге "қыркүйекте пәтер кілтін аласыңдар, ал қараша айында құжаттарыңды рәсімдейміз" деді. Алайда, олай болмай шықты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Армениялық инвестордың компаниясы қаланың қақ ортасындағы құрылысы аяқталмаған қонақ үйді де сатып алған. Олар сақалды құрылысты тез арада аяқтауы қажет еді. Алайда, келісім жасалғалы бері бірнеше жыл өткенімен, әлі күнге дейін бір кірпіші қаланған жоқ.

Жақсыбек КЕМАЛ