Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Елордада «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауына өтінімдер қабылдау басталды

AstanaTV
04.10.2021ж. 20:00
1471
Елордада «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауына өтінімдер қабылдау басталды

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары батыл және игі істері үшін тағы да марапатталады. Бүгін «Қайырымдылық керуені» IV-ші республикалық байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Іс-шара қала әкімдігінің қолдауымен өтпек. Байқау халықтың мейірімділік, қамқорлық, гуманизм сияқты адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Шараның басты міндеттері еліміздегі қайырымдылықты арттыру, өзара көмек көрсетуді жаңғырту, өскелең ұрпақты ең жақсы қасиеттер мен мінез-құлыққа тәрбиелеу. Байқауға белсенді, азаматтық ұстанымы, қайырымды істерімен және әрекеттерімен әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді шешуге үлес қосатын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Дәурен БАБАМҰРАТОВ, НҰР-СҰЛТАН қ.  ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
 
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты мен мәні ел ішінде өзінің қайырымдылығымен көзге түскен, мұқтаж азаматтарға көмектескен, міндетпен емес жүрек қалауымен елге, халыққа, қоғамға ерекше ат салысып жүрген азаматтардың барлығы осы қайырымдылық қорының жеңімпаздары бола алады. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін егерде сондай азаматтарды білетін болсаңыздар, көрген болсаңыздар, танитын болсаңыздар онда ұсыну керек.


Биыл байқау жеңімпаздары 7 номинация бойынша анықталады. Шара Тәуелсіздіктің 30-жылдық мерейтойы аясында өткізілмек. Өтінімдерді қабылдау 30-шы қарашаға дейін жалғасады. Содан кейін, ұйымдастырушылар жеңімпаздарды анықтайды. Ал, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі келер жылдың  ақпан айында, түркі әлемінің астанасы – Түркістан қаласында өткізу жоспарланып отыр.

Назгүл МАҚЖАН, НҰР-СҰЛТАН қ. БОЙЫНША ІСКЕР ӘЙЕЛДЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА МҮШЕСІ:


Біз тасбауыр деп сөгетін қоғамда қайырымды жандар көп екенін біз білеміз.  Соған дәлел ретінде биыл 4-рет өткізгелі отырған Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының бірлесуімен "Қайырымдылық керуені" акциясы. Биыл бұл 4-рет өткізгелі отыр.  Қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша заявка қабылдауды біз ашық деп жариялаймыз.

Осыған дейін үш мәрте өткізілген байқауға, ел бойынша 1000-нан астам өтінім келіп түскен. Елорда бойынша 100-ге жуық өтінім қабылданды. Өткен аптада «Қайырымдылық керуені-2020» байқауына белсенді қатысқан елордалықтар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

А. Базарбай