Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Атырау облысында 3 бала шөппен бірге жанып кетті

AstanaTV
06.10.2021ж. 20:00
2759
Атырау облысында 3 бала шөппен бірге жанып кетті

Атырау облысында айдың-күннің аманында үш сәби тірідей өртеніп кетті. Тілсіз жау қысқы мал азығын сақтайтын қоражайдан шыққан. Төтенше жағдай мамандары жылынмен 3 сағат алысыпты. Сол күні ойынға шығып, кешіккен балаларды, ата-аналары қорадағы күлдің арасынан шығады деп еш ойламаған. Қайғыдан қан жұтқан отбасыларына аймақтағы әріптесім көңіл айтып қайтты.  

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қайғылы жағдай Ортақшыл ауылындағы мына үйде орын алған. Көршілердің айтуынша,  күшікті қуалап ойнап жүрген үш бала шөптің ортасына кірген. Ал қараңғы болған соң сіріңке жаққан көрінеді. Балақайларды түн ортасында өртенген шөп арасынан әрең тапты. Қазір оқиға орын алған шөп қора түгелімен қоршаулы.

Қайғылы оқиғадан ауыл халқы ес жия алар емес. Кеше кешкісін тұрғындар  аяқтан тік тұрып, қуыс-қуысты, жыра мен тоғай арасын түгел тінтіген. Бірақ 7 және 9 жастағы балаларды таппапты. Олардың денесі өртенген шөптің арасынан шыққанда, жұрт  есеңгіреп қалды.

Әділбек ІЗҒАЛИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ойнап жүріп күшіктен айырылып қалған да күшік шөптің арасына кіріп кеткен. Соның артынан жорғалап үшеуі  кіріп, екінші, үшінші оқитын балалар ғой, балаларда ес жоқ қой қараңғы болған соң сіріңке жаққан. Сіріңке жаққанда анау лап ете түскен де балалар шыға алмай қалған. Денесі табылды, бірақ 22 руллон жанғасын  танымайсың, қап қара болып күйіп кеткен ғой енді.

Ал балалардың бірінің нағашы әжесі олардың қолында сіріңке болған жоқ,- дейді. Сондай-ақ,  туыстары балақайлардың  денесі табылса да,   уақытылы хабар бермей, сабылтып қойған полицейлерге өкпелі.

Алтын ӘБЕНОВА, НАҒАШЫ ӘЖЕСІ:

Жиналмаған руллон ғой, балалар үшеуі бірге түсіп кеткен сол жерге.  Бірақ «біреу темекі лақтырып кеткен»,- дейді үйінің иесі айтады. Қалай жанды дегенде. Көрдіңіз бе? Енді оның неден болғанын білмей отырмыз.  Сағат 5-ке дейін үйде болды. Қасындағы екі бала келіп, апай жіберіңізші деді. Жоқ жібермеймін дедім. Сол күні ентелеп тұрып алып кетті. Апай, тек бір сағат  ойнаймыз да қайтып келеміз, апай деп.

Ардақ ЕСБУСИНОВ, МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСЫ:

Айналып келдік, Жайықтың бәрін аралап. Осы жерге барайықшы, сұрайықшы лентамен бәрін орап тастады. Қылмыс болған жерді сөйтеді ғой. Тінтіп қоймай сұрағанда айтты. Оған дейін жарым құсап іздеп жүрміз.

Қоражайда күлден басқа түк қалмаған. Темір қоршауға дейін қап-қара. Мамандар тергеу жұмыстарын бастаған.  «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бабымен іс қозғалды.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қас қарайғандықтан уақытында хабарлау қиындық тудырды әрине. Себебі ол жерге арнайы мамандар, эксперттер  сондай-ақ тергеу тобының мамандары жұмылдырылды. Сот медицина экспертиза тағайындалды. Қазіргі таңда ҚК 292 бабымен сотқа дейінгі  тергеп тексеру  амалдары жүргізілуде.


Мамандар өрттің себебі сараптама нәтижелерінен соң ғана белгілі болады,,- дейді. Ал бауыр ет баласынан қапыда айрылып қалған 3 отбасы қайғыдан қан жұтып отыр.

Б. Надірқызы