Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша жасалған мәмілелер саны 2020-сыншы жылмен салыстырғанда 97%-ға өскен. Өңірлер бойынша ең үлкен өсім Маңғыстау облысы мен Атырауда тіркеліп отыр. Облыс бойынша бір бөлмелі пәтердің бағасы 7 миллионнан 30 миллион теңге аралығында екен. Бұл туралы сарапшылар не дейді? Тілші Ақбота Базарбай тілдесіп көрді.
Жыл басынан бері тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша жасалған мәмілелер саны 420 мыңнан асты.
Өңірлер бойынша ең үлкен өсім Маңғыстау облысы мен Атырау қаласында.
Алайда бұл көкке қалпақ лақтырып қуанатын немесе таңқалатын жаңалық емес дейді сарапшы Сапарбай Жобаев. Айтуынша көрсеткішті былтырғы пандемиядағы тоқыраумен салыстыру дұрыс емес. Енді ғана 2019-жылдың көрсеткішіне теңесіп келеміз. Жыл басында құрылысты жандандыру үшін берілген зейнетақы қоры оған бірден-бір себеп. Алайда оны тағы да қарапайым орта санаттағы халық ала алған жоқ дейді.
Сапарбай ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Айлығы жоғары болған, зейнетақы қорына өте көп 10 миллионнан, 20 миллионнан ақша салған адамдар болды. Олардың алдыннан да үйлері көп болған. Соларға біз және қосымша мүмкіндік жараттық. Ал ең негізінен үкіметтің мақсаты мынау қолы жетпей жүрген адамдар еді. Сөйтсек, 98 пайыз Қазақстанның халқының ешқандай мүмкіндігі жоқ екен зейнетақы қорында.
Иә, зейнетақы қорын үй алуға жарату үшін 20 жастағы азаматтың жинағында 1 миллион 720 мың теңге болу керек. Демек ол 18 жасынан бастап ай сайын зейнетақы қорына 71 мың теңгеден салуы қажет екен. Сонда айлығы қанша болу керек? Ойлай беріңіз. Банк қызметкерлерінің де айтуынша тұрғын үй саудасының жандануына біріңғай зейнетақы қорын пайдалану себеп болған.
Марина ОРЫНБАЕВА, "ОТБАСЫ БАНК" АҚ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Заңды қабылдаған кезде жүргізген сараптама бойынша 750 мың қазақстандық осы мүмкіндікті пайдалана алады десек, соның қазіргі таңда 279 мыңнан астамы осы мүмкіндікті пайдаланып баспаналы болды. Басым көпшілігі. Енді соның ішінде 147 мыңнан астамы БЗҚ-дағы ақшаларын толық үйді сатып алуға несие рәсімдемей сатып алу мақсатын пайдаланған.
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
750 мың көп болып көрінгенмен ол ел азаматтарының тек 3,9 пайызы ғана. Ал қалған үміттілер енді ақшамыз жиналды ау дегенде үй бағасы шырқап тұрады деп қынжылады. Қолы ұзындар мен көздері ашықтар бірін алып, бірін сатып жүргенде, талай қара көз пәтер жалдап күнелтуге мәжбүр.
А. Базарбай