$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Баянауылда әкімдер қар жауды деп видео түсірген зейнеткерге кешірім сұратқан

AstanaTV
08.10.2021ж. 20:00
1365
Баянауылда әкімдер қар жауды деп видео түсірген зейнеткерге кешірім сұратқан

Баянауылға қар түскені үшін зейнеткер жазықты болғаны ма? Ауданға қарасты елді-мекендерді қалың қар басып қалғанын кешегі жаңалықтарымыздан көрсеткен едік. Ақ ұлпа басқанын айтып видео түсірген тұрғынға, бүгін жергілікті билік едел-жедел жеткен. Бірақ көмек қолын созуға емес. Кешірім сұратып, оны таспаға басып, әлеуметтік желіге жариялапты. Бұл сұмдық жайт осы ауданға қарасты Егіндібұлақ ауылында болған.

Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Масаты Манасова осы видеоны түсіргені үшін жазықты болып қалған. Оған ауыл әкімі келіп, видео түсіріп таратқаны үшін халықтан кешірім сұратып отыр.  

Ауыл әкімі бұл әрекетімен тынышталмапты. Бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктеген. Бірден ғаламторды шарлап кеткен бұл таспа көпшіліктің ашуын тудырды.

Айбат ЫДЫРЫСОВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Табиғи құбылысқа бола, қар жауғанға бола апамыз түсірген видеоны әкімдік тарапынан қандай да бір кешірім сұрату бұл бір өте үлкен ұят нәрсе. Адамдық шеңберге сыймайтын, адамдық қасиетке жатпайтын қателік деп есептеймін.

Қоғамның ашуын тудырған соң, ауылға Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов пен Құндыкөл ауылдық округінің әкімі Самат Ибраев барды. Олар зейнеткердің үйіне барып, әкімнің әрекеті үшін кешірім сұрады.

Мән-жайды білмек мақсатпен зейнеткердің өзіне хабарластық. Айтуынша, осы жағдайдан кейін қан қысымы көтеріліп, ауырып қалған. Денсаулығы дұрысталғасын, әлемжеліге жариялаған ауыл әкімін сотқа бермекші.

Масаты МАНАСОВА, ЕГІНДІБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

"Мен сізді видеоға түсірем", - деді. "Не үшін неге түсіресің?" – деп, сөйтіп ем. Маған әкім тапсырма беріп тұр, аудан әкімі. Осы жағдайды барып біліп, маған видео есеп тапсырасың. Түсіріп әкелесің маған жалоб па, жалоб емес пе? Жалоб жасап отыр деп ойлаған ғой олар.


Ауыл әкімі болса, кешірім сұратқанын жоққа шығарды. Тек осы жағдайға байланысты түсініктіме беруін өтіндім – дейді.

Самат ИБРАЕВ, ҚҰНДЫКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Мен ол кісіге барып, хәлін білейін деп барғам. Ондай кешірім сұрату үшін барған жоқпыз. Кешірім сұраңыз - деп. Ол кісі айтып жатқанда өзі айтып жіберді. Білмей қалдым кешіріңіздер - деп. Біз ол кісіге кешірім сұратуға барған жоқпыз. Дұрыс түсініңіздер оны. Жағдайын білуге бардық.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Әкімнің бұл қылығын енді мемлекеттік қызмет істері де тексеріп жатыр. Масаты Манасова болса өзін жалпақ жұртқа жария еткендердің тиісті жазалануын қалайды. Сол үшін өзі тұратын Егіндібұлаққа жауапты әкімді сотқа беруге бекініп отыр.


Ө. Қуанар