$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Түркістан облысында халық көмір түсірер түсірмесін білмей отыр

AstanaTV
08.10.2021ж. 20:00
1850
Түркістан облысында халық көмір түсірер түсірмесін білмей отыр

Көмір түсіру керек па, жоқ па? Түркістан облысындағы мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың халқы қара күзде әрі-сәрі күйде отыр. Ордабасы ауданындағы Ықылас темір ауылының халқы көгілдір отынды биыл төртінші жыл күтуде. Кейбірі ошағын бұзып тастаса, енді бірі соңғы сиырын сатып үйіне газ құбырын қостырған. Жыл сайынғы уәдеге сенуден қалдық деген қарашаның бүгінгі жайын әріптесім Айзада Төребекқызы көріп қайтты.

Тешебай Айқынбаевтың отбасы үйін сығымдалған газбен жылытып отыр. Қария төрт жыл бұрын тұрғызған жаңа үйлеріне от жағатын мүмкіндік қарастырмаған екен. Ошақ орнатпапты. Үйді жылытуға зейтақыларын салуға мәжбүр. Кейде ауыстыратын газды да таппай қаламыз дейді.

Тешебай АЙҚЫНБАЕВ, ЫҚЫЛАС ТЕМІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

5 мыңнан аламыз кейде. Соған ақшамыз да жетіңкіремейді. Амалдап отырамыз. Айына 70-80 мың жағамыз ғой.


Халықтың көгілдір отынды күткендеріне биыл төртінші жыл. 2018 жылы табиғи газдың кіргізу жұмысы басталған. Бірақ содан бері күтумен келеді.
 
Жандос БАЙМҰРАТОВ, ЫҚЫЛАС ТЕМІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Газ келетін шығар деп көмір алмай отырмын. Көмір алайын десем 120 мың теңге керек болып жатыр. Өзімнің бес бала-шағам бар.

Төребай ЖАҚСЫБЕК, ЫҚЫЛАС ТЕМІР АУЫЛЫНЫҢ БИІ:

Төрт жыл бұрын өтірік ақпар беріп жіберген, шын мәнісінде Ықылас темір ауылы мен көрші Теспе ауылы көгілдір отынды әлі көрген де жоқпыз.

Ауылда үйді үйге құбыр келіп тұрғанмен содан бері халық қайырын көре алмай отыр. Тіпті кейбірі соңғы сиырын сатып ақшасын құйғандарын айтады. Бұқара  жылда уәде беретін биліктегілерге өкпелі.  

Әнуарбек ОҢАЛБАЙ, ЫҚЫЛАС ТЕМІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ақшаның бәрін алдап сулап алып газды кіргіземіз деп трубаны қойып қойды да қаңырап қазір е ақша жоқ, е газ жоқ. Труба жатысы анау шіріп. Басқа ештеңе жоқ бұл жерде.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Көгілдір отыннан күдер үзгендердің кейбірі көмірін түсіріп те үлгеріпті. Бірақ бағасы қымбат. Шымкенттен ауылға жеткенше бір тоннасы 22 мың теңгеден түсіпті. Қаршада баға бұдан да көтеріледі дейді халық.

Ал аудан атқамінерлері табиғи газдың созбалаңға салынуын әу баста Шымкенттен алатын болған уағдаластықтың кейінгі шегерілуімен байланыстырды. Газ  тапшы көрінеді. Мегаполисте халық саны артуы мен облыстың бөлініп кетуі де бұған себеп болғанын уәж қылды.

Қуаныш СӘКЕНОВ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ТҮКШ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АЖ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ:
 
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 3 АГРС салынды. Салынып жатыр. Қазір қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қараша айында қабылданып, желтоқсан айында қосу жоспарлап отырмыз осы екі елді мекен бойынша, Ықылас темір Теспе елді мекендері бойынша.


Айта кетейік, Ықылас темірліктер бұл мәселені өткен желтоқсанда да біздің арнада көтерген еді. Сол кезде салаға жауаптылар биылғы жартыжылдықта газ беріледі деп сенімді түрде айтқан. Одан бері жылға жуықтады. Бірақ баяғы жартас, сол жартыстың күйін кешіп келеді.

А. Төребекқызы