Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Әлем халқын вакцинациялауға 8 миллиард доллар қажет, - ДДҰ

AstanaTV
08.10.2021ж. 20:00
1093
Әлем халқын вакцинациялауға 8 миллиард доллар қажет, - ДДҰ

Жалпы ел аумағы бойынша бүгінгі күнге дейін коронавирус жұқтырғандар саны 900 мыңнан асқан. Ал, қаза болғандар 12 мыңға жуықтапты. Әлем бойынша көрсеткіш жаға ұстатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем халқын коронавирусқа қарсы вакцинациялау үшін қаражат жинауды ұсынды. Бірақ елдер үшін екпелер қаншалықты қол жетімді? Әріптесім жалғастырады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Ел аумағында соңғы тәулікте 1 900-дей адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Аурушаңдық көрсеткіші Алматы (412) мен Нұр-Сұлтан (297)  қалаларында жоғары болып отыр. Коронавирустық инфекциядан  - 37 адам, коронавирус белгілері бар пневмониядан -6 адам қайтыс болған. Бұл- 6-шы қазандағы ақпарат. Денсаулық сақтау министрлігінің сайты, соңғы тәуліктегі деректерді жаңаламаған. Енді індеттің таралуы бойынша өңірлердегі жағдайға тоқталсақ. "Қызыл аймақта" бас қалалардан бөлек Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Ал Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары -Сары белдеуге орналасқан. Қалған өңірлер «Жасыл» аймақта.

ДДҰ бас директоры 2022 жылдың ортасына қарай әлем халқының 70% -ын вирусқа қарсы вакцинациялау қажет деп санайды. Кейбір  елдердің  қолдары бұған жетпей отыр. Ал, бұл өз кезегінде үлкен апатқа әкеліп соғады дейді.

Тедрос ГЕБРЕЙЕСУС, ДДҰ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Ғылым тарихтағы кез келген індетке лезде төтеп беретін қуатты құралдарын берді. Алайда, бұл қаражатты бірнеше елдер мен компаниялардың қолына шоғырландыру жаһандық апатқа әкелуде.  Нәтижесінде бай елдер қорғалады, ал кедейлер өлімге әкелетін вирусқа осал болып қала береді.

Коронавирустың жаңа штамдары пайда болған сәтте жағдай одан сайын күрделене түседі. Әзірге ғылым «дельта» сияқты жаңа сынақтармен күресуде. Бірақ егер қолданыстағы екпе қорғай алмайтын жаңа штамдар пайда болса ше?

Антониу ГУТЕРРИШ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ:

Бір күні мына вакциналардың күші жетпейтін штам пайда болады. Сол кезде адамдар қорғала алмайды. Вакциналардың қазіргі әділетсіз таралуының өзі әдепсіздік қана емес, ақымақтық.

АҚШ-та пандемия басталғалы 45 миллионға жуық адамна коронавирус инфекциясы анықталды. 709 мыңнан астамы қайтыс болды. Екі көрсеткіш бойынша да, Амерка әлемде бірінші орында тұр. Себебі мұнда адамдардың көпшілігі екпе салдырмаған.

Джо БАЙДЕН, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің ауруханалар вакцинацияланбаған адамдарға лық толды. Солардың кесірінен «жүрек ауруымен» ауыратындарға орын жоқ, ешкім реанимацияға немесе операция бөлмесіне кіре алмауда. Екпе алмағандар  біздің экономикамызға қауіп төндіруде, өйткені адамдар шектеу болмаса да үйлерінен шыққысы келмейді.

ДДҰ мәліметтері бойынша, әлемнің 56 елі, жағдайы жоқ мемлекеттерді 10% болса да қамтамасыз ете алмады. Аурудың күрт өсуі Шығыс Еуропа елдерінде де байқалады: Литва, Украина, Польша, Хорватия, Венгрия және Чехия.  БҰҰ Бас хатшысы Римде қазанның аяғында өтетін саммитте G20 мүшелерінің вакциналарға қол жеткізу мәселесін шешуге шақырды.

А. Базарбай