$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Өлім жазасын түбегейлі алып тастау керек, П.Кочетков

AstanaTV
13.10.2021ж. 20:00
2158
Өлім жазасын түбегейлі алып тастау керек, П.Кочетков

Өлім жазасына қандай қылмыскерлер кесіледі? Мәжілісте Бас прокурордың орынбасары заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын ұсынды. Жаңа құжатқа сәйкес, бұл жаза қылмыстық кодекстің 13 бабынан алынып тасталуы мүмкін. Мұны депутаттар бірінші оқылымнан-ақ мақұлдап жіберді. Бірақ, қарсы шыққандар да болды.  Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:
                
Өлім жазасы енді тек соғыс кезінде ерекше ауыр қылмыс жасаған адамдарға ғана қолданылады. Десе де, мұның лаңкестік жасағандарға түк  қатысы жоқ. Егер заң мақұлданса, елде қылмыс көбеймей ме деген алаңдаушылық та жоқ емес. Яғни, Қазақстан Ауғанстанның кебін кимей ме?  

Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттер – күллі елді шошытып отырғаны рас. Оның шекарасы жоқ екендігі де белгілі. Өлім жазасы алынып тасталса, лаңкестікке одан әрі жол ашылып кетеді деген үрей мәжілісмен Артур Платоновты мазалап отыр.

Артур ПЛАТОНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ауғанстан мен басқа да елдерде не болып жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты айтыңызшы, терроризм, жалдану, диверсия үшін өлім жазасын алып тастау арқылы мемлекетіміз бен азаматтарымыздың қорғанысын әлсіретіп жатқан жоқпыз ба?

Бас прокурордың орынбасары өлім жазасымен террористі тоқтату мүмкін емес, дейді. Айтуынша, заң қабылданса,  қылмыс төмендейді, не  өседі деген пікір жоқ. Лаңкестік үшін алаңдамаса да болады. Онымен күрес үшін арнайы бағдарлама бар екенін айтты.  

Әсет ШЫНДАЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өзіңіз айтқан аса ауыр қылмыстар үшін бізде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы бар. Бұл да ең ауыр жаза. Өйткені адам бүкіл өмірін темір торда өткізеді. Практикаға көз жүгіртсек, мысалы, біздің Қылмыстық кодексте кісі өлтіргені үшін өлім жазасы болғанда, мұндай қылмыстар екі, ал кейбір жағдайларда үш есе көп болған. Яғни елдегі қылмыстың жай-күйіне өлім жазасының бар-жоғы әсер етпейді.

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі өкіл де өлім жазасын түбегейлі алып тастау керек деп есептейді. Өйткені, бұл халықаралық хаттамаларға да сәйкес келмейді.

Павел КОЧЕТКОВ, «АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ» ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЮРОСЫНЫҢ БҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Менің пікірімше, өлім жазасын мүлдем алып тастау керек. Өмір бойына бас бостандығына айыру үкімі де жетеді. Соттың кезінде судьяда да қателесуі мүмкін. Сол кезде бостан-босқа жазықсыз адам өліп кетеді. Ал, терроризм проблемасы түбегейлі жойылуы мүмкін емес. Мұндай шешіммен жас ұрпақты тәрбиелей алмаймыз.


Өлім жазасы туралы заңға түзетулер бірінші оқылымда қабылданды. Десе де, оны сенат мақұлдай ма, жоқ па, белгісіз. Айта кетейік,  жаза  қылмыстық кодекстің тек 4 бабында ғана қалуы мүмкін.

А. Данияр