$495.95 €524.37 ₽4.98
×

Жездесі балдызын пышақтаған

AstanaTV
20.10.2021ж. 20:00
2257
Жездесі балдызын пышақтаған

Алматы облысында 37 жастағы ер адам үйіне қыдырып келген балдызын бірнеше жерден  пышақтаған. Жантүршігерлік  оқиға отбасылық жанжал кезінде болған көрінеді. Алғашында әпкесін соққыға жыққан жездесіне, жас қыз араша түсіпті. Соған  ашуланған азамат  бойжеткенді аямаған.  Әсем Лесбек толықтырады.

19 жастағы Ақнұр   туысының үйіне тамыз айында қыдырып келген. Оқиға болған күнді ол  қорқынышпен еске алады.  

Ақнұр ӘШІЛБАЙ:

Арқамнан екі рет пышақ сұқты. Бетімді тіліп кетті. Одан кейін көкірек тұсыма пышақ сұқты. Одан кейін қолыма. Барлық жерім ауырады. Барлық жерімде тыртық бар. Мен ол адамның үйтіп сыртта жүргенін қаламаймын. Ондай қанішердің.  

Сұмдық оқиға ерлі-зайыптылардың ұрысы кезінде болған. Жездесінің әпкесіне қол көтергенін көрген ол араша түсіпті.   

Жанар СЕРІКБАЕВА, АҚНҰРДЫҢ ТУЫСЫ:

Өлім аузынан қалды. Оны өлтірмекші болды. Мен осы уақытқа дейін кешірдім оның маған істегенін. Бірақ менің туысқан сіңіліме істегені ол кешірілетін дүние емес.

Бойжеткеннің әпкесі содан бері күйеуін көрмегенін айтады. Полицияға арыз жазған. Бірақ оны босатып жіберді дейді.

Ақбота ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Күдіктіні полицейлер сол күні ұстап уақытша ұстау изоляторына қамады. 18-ші тамыз күні тергеу сотының шешімімен бұлтартпау шарасы үй қамағына ауыстырылған. Аталған қылмыстық іс қазір  тергеп тексерілуде.

Полиция Қылмыстық Кодекстің  «денсаулыққа қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» бабы бойынша істі тергеп жатқанын мәлімдеді. Ал жәбірленушінің қорғаушысы істі «қасақана адам өлтіру» бабымен қарауды талап етеміз дейді.

Құралбек ДҮЙСЕБАЕВ, А.ӘШІЛБАЙДЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:


Бұл бапты 106-бап емес, бұл бапты кісі өлтіруге әркеттенген деген баппен. Тергеу амалдары дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ.  Ауруханадан шыққаннан кейін бұл қыздан анық-қанығымен жауап алынуы керек еді. Беттестіру жүргізілуі керек.


Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Дегенмен Полиция қазір бұл іске қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалғанын мәлімдеді. Тергеу аяқталған соң іс материалдары сотқа жіберіледі дейді. Дегенмен жәбірленушілер күдікті жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Олар ер адамды қамауға алып, заң бойынша жазаласа дейді.


Ә. Лесбек