Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Петропавлда жолаушы тасымалдау компаниялары 4 есе аз көрсеткен

Петропавлда жолаушы тасымалдау компаниялары 4 есе аз көрсеткен

Петропавлда жолаушы тасымалдау компаниялары  табысын төрт есе аз көрсеткен. Бұл туралы  қалалық мәслихат депутаттары мәлімдеді. Жергілікті билік қоғамдық көлікпен қатынайтын адамдардың нақты санын білу үшін биыл электронды төлем жүйесін енгізген. Соның нәтижесінде  шындық су бетіне шықты. Осыған дейін  жол жүру тарифін көтеруді сұраған кәсіпкерлердің өтінішін енді әкімдік  қабылдай ма? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкиннің бейнематериалы.

Бірнеше жылдан бері ақсап тұрған жолаушы тасымалы саласында биыл үлкен серпіліс болды. Әбден қаусаған қытайлық   автобустар ұзын, ыңғайлы көліктерге ауыстырылды. Электронды төлем жүйесі енгізілді. Төлем арнайы картамен - 80 теңге, ал қолма-қол ақшамен - 130 теңге.  Жаңа бағдарлама арқылы,  бір айда қоғамдық көлікпен 2,2 миллион адам қатынайтыны белгілі болды. Ал жолаушы тасымалдау компанияларының есебінде  бұл  төрт есе аз көрсетілген.

Павел АФАНАСЬЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Жолаушы тасымалдау компаниялары былтыр бір айда 580 мың тұрғынды тасымалдадық деп есеп берді. Ал Алемпэй компаниясының сараптамасына сенсек, бұл көрсеткіш төрт есе артық. Кәсіпкерлер өз табысын әдейі жасырып отыр.

Ал қызмет көрсету компанияларының өкілдері мұны  қатаң карантиндік шаралармен байланыстырады. Айтуынша, қоғамдық қатынас енді ғана тұрақталып келеді. Бірақ алдағы уақытта тағы мәселе туындауы мүмкін. Себебі, жаңа автобус алған кәсіпкерлер   несиені өтеуге  қауқарсыз.


Галина СЕМЕНОВА, «СҚО ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ОДАҒЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:


Біз әкімдіктің көмегімен жаңа автобустарды 40 миллион теңгеден сатып алдық. Несиесін өтеу үшін ай сайын 880 мың теңгеден төлеп отырмыз. Биыл енгізілген электронды төлем жүйесінен бізге еш пайда жоқ. Тұрғындардың көбі төлем карточкаларын қолданатындықтан, тариф сол қалпы 80 теңге көлемінде қалды. Былай жалғаса берсе, біз банкротқа ұшыраймыз. Сондықтан жергілікті билік субсидия мәселесін қарастыру керек.

Ал шенеуніктер кәсіпкерлерге бұған дейін жалған ақпарат берді деп    сенімсіздікпен қарайды.   Дегенмен компанияларды қаржылық қиындықтан алып шығу үшін субсидия мәселесін қарастыруға тура келеді дейді.

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазір екі жақты келісім шарт жасасу үшін жаңағы компаниялар бізге тарифтер жөнінде толық ақпарат беретін болады. Одан кейін бізде тарифтік комиссия құрылады. Осы комиссияның шешіміне сәйкес субсидия төленетін болады. Әзірге сомасы белгісіз

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Жолаушылар тасымалы компаниялары әкімдіктен жыл сайын шамамен 2 миллиард теңгеге жуық субсидия төлеуді сұрайды. Егер бюджеттің оған мүмкіндігі жетпесе, онда жол жүру  тарифті көтеруге тура келеді дейді.   Мәселе енді билік өкілдерінің жауабына байланысты шешіледі.


А. Құрманкин