Шығыс Қазақстан облысы Ақжар ауылындағы бір үйдің ауласында аяқ астынан белгісіз терең шұңқыр пайда болған. Үй егесінің айтуынша, түннің ортасында қатты дүрсіл естілген. Таңертең аулаға шыққанда бұрын-соңды болмаған қуысты көріп таң қалыпты.
Мәуіт ЕБИКЕШОВ, АҚЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
24 күні осыны жаптым, 25 күні таңертең ашсам, іші мынау буға толып тұр аппақ. Сосын 5 секундтан соң сейіліп жоқ болып кетті. Ал ломды тыққанда басына аппақ порошок сияқты бірдеңе ілінді, көп емес біраз ғана. Сосын қайтадан жоқ болып кетті.
Құпия шұңқырды төтенше жағдайлар қызметінің мамандары келіп көрген. Тұрғынның сөзін олар да растап отыр. Қуыстың тереңдігі белгісіз дейді. Және тереңдеген сайын жіңішкере беретін көрінеді. Әзірге оның қалай, неден пайда болғанын ешкім білмейді.
Талант ТАЛАПБЕКОВ, АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Барған кезде жоғарыда айтылған азаматтың айтқаны расталып, көзіміз жетті. Шұңқыр қайдан шыққаны белгісіз, өлшеу барысында 2,5 метр болатындай шұңқыр екен қиғашынан тағы кеткен, оны біле алмадық, белгісіз. Шұңқыр қолдан қазылмаған.
Ә. Дүкембаева