Алматы облысының Кербұлақ ауданы әкімдігінде шу шықты. Мекеме қызметкері алдына көмек сұрап барған жергілікті тұрғынмен жаға жыртысқан. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Кадрларда мемлекеттік қызметші тұрғындарға өз креслосын ұсынған. Мәселесін даулаған жұртты орнына отырып, оны шешуге шақырған. Жиналғандардың бірі ұсыныстан бас тартпапты. Ер адам отыруға талпынғанында, шенеунік күш көрсеткісі келген. Ал әкімдік өкілдері жағдайды былай түсіндіреді.
КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ:
Ауыл тұрғыны Жанатаева аудандық әкімдікке барып, әкім орынбасарынан көмір жеткізіп беруді сұраған. Қызметкерлер тегін отынның тізім бойынша жеткізілетінін түсіндірген. Бірақ Жанатаева жауапқа қанағаттанбады. Артынша әкімдікке Кербұлақ ауданының белсенділері келіп, аудан әкімінің орынбасарымен жанжалдасты. Қазір көмір жеткізілді. Кербұлақ ауданы бойынша этика жөніндегі уәкіл қызметтік тексеріс бастады.
Ә. Лесбек