Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда ауыл шаруашылығы басқармасы екі кәсіпкерге берген субсидияны қайтарып алмақ

AstanaTV
29.10.2021ж. 20:00
1520
Атырауда  ауыл шаруашылығы басқармасы екі кәсіпкерге берген  субсидияны қайтарып алмақ

Атырауда  ауыл шаруашылығы басқармасы екі кәсіпкерге берген  субсидияны қайтарып алмақ. Ал шаруалар қомақты қаржыны кері бермейміз дейді. Олар  2019, 2020 жылдары жылыжай кешені мен көкөніс қоймасы үшін инвестициялық субсидия алған. Құжаттарды арнайы комиссия жіті зерделеген соң ғана берді,- деген олар соттасуға бекініп отыр.

Кәсіпкер Әлімжан Балжігітов аумағы 2 гектар жылыжай кешенін іске қосқан. «Инвестициялық салымдардың шыққан шығыстардың бір бөлігін өтеу» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 108 млн теңге  субсидия алыпты. Енді  ауыл шаруашылығы басқармасы сол ақшаны қайтар деп, әбігерге салып қойды - дейді шарасыз шаруа.

Әлімжан БАЛЖІГІТОВ, «АТЫРАУ САУДА» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:


Бұл үлкен құрылыс, көп ақша жұмсалды. Қазіргі таңда жылыжай кешені қызмет жасап тұр. 30 шақты адам қызмет етеді. 4 түрлі көкөніс өнімдерін алып отырмыз. Біз өзіміз түсінбей отырмыз, бұл енді қанша бас ауру болды мен үшін.


«Сағиева» шаруа қожалығында да дәл осындай  жағдай. 8 мың тонна көкөніс қоймасына қажетті тоңазытқыш жабдықтарын 135 млн. теңге сатып алған. Басқарма соның 33 млн 500 мың теңгесін субсидиялапты.  Енді прокуратура органдарының тексерісін алға тартып, қаржыны қазынаға қайтаруды талап етіп отырған көрінеді.

Бауыржан САДЫҚОВ, «САҒИЕВА» ШҚ ӨКІЛІ:

Біздің қандай қатысымыз бар? Тиісті құжаттар тапсырдық. Бәрі тексерді. Бәленбай адам  комиссиядан өтіп, өздері оң результатпен шығарып берді ақшаны. Оны бар екеніне көздері жетті. Расында да ол жабдықтар құрдық.  Қазір тиісті қызметті атқарып тұрғанын бәрі біледі. Заңсыздығын анықтайтын болса ол кезде барлық құжаттар болды ғой.

Тараптар «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының алаңында кездесті. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы субсидияны сараптама қорытындысымен заңды төлеп отырмыз,- дейді.

Аманкелді САЛАМАТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ  АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ  БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Прокуратураның арнайы талдауы бойынша, шаруашылықтардың кейбір сараптамадан өту мәселесі күмән тудырып, наразылық тудырған.Екі кәсіпкердің де сұрақтарын жан жақты қарап шықтық. Бірақ енді заңды негізде төленген  болып табылады деп есептейміз басқарма тарапынан. Қандайда бір төлеу бағытында заңсыздық  байқалған жоқ.

Ал  тексеріс жүргізген прокурор «заң бұзушылық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарынан кетті»,- деп ашық айтты. Субсидияны берер кезде шаруагерлерден  жобалық-сметалық құжаттар талап ету керек болған. Бірақ ол ескерілмеген.

Әділет НҰРБАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:


Мысалы, ол 10 миллион теңге сұрайды, ол 10 миллион теңгені дәлелдеп беру керек. Не үшін 10 миллион теңге қажет. Мүмкін кәсіпкер 5 млн теңгені пайдаланған болар. Қалған 5 миллион қайда кеткенін білмейміз. Ал оның барлығы жобалау сметалық құжаттамада бүкіл тиынына дейін есептеліп көрсету керек.

Енді кәсіпкерлер қаражаттың қайда кеткенін құжаттар арқылы дәлелдеуі керек.  Сонда ғана субсидияны қайтармауға болады. Қадағалаушы орган  осындай шешім қабылдаған. Айта кетейік, аймаққа биыл инвестициялық субсидия үшін 1 млрд 818 млн теңге бөлінген. Соның бар-жоғы 10 пайызы ғана игеріліпті.  Ал    ауыл шаруашылығы саласына жауапты  облыс әкімінің орынбасары істі болып жатыр. Қайрат Нұрлыбаев басқарма басшысы боп тұрған кезде 84 млн теңгеге жуық  инвестициялық субсидияны ысырап етті деген күдікке ілінген.

Б. Нәдірқызы