$481.84 €531.33 ₽5.07
×

ЭКСКЛЮЗИВ: ОҚО-да инспектор атқан оқтан жараланған балықшылардың әрекеті заңсыз болуы мүмкін

AstanaTV
18.08.2017ж. 20:00
4488
ЭКСКЛЮЗИВ: ОҚО-да инспектор атқан оқтан жараланған балықшылардың әрекеті заңсыз болуы мүмкін

Сырдария өзенінде балық аулаған ағайынды екі жігіт - браконьер. Инспекторға бағынбаған олар алғаш болып мылтық атқан. Біздің арнаға берген эксклюзивті сұхбатында «Охотзоопром" өндірістік бірлестігінің бас директоры осылай деп мәлімдеді. Ерзат Әлзақов қарамағындағы инспектор заңды әрекет етті деп отыр. Өйткені балықшылар тыйым салынған құралдармен балық аулаған дейді. Ағайындылардың заңсыз әрекетін сол маңдағы өзге балықшылар хабарлаған. Инспектор олардың қайығымен жетіп, ескерту жасағанда, ағайындылар мылтықтан оқ атқан, деді.

Ерзат Әлзақов, «Охотзоопром ӨК» МКҚК бас директоры:

Сол балықшылардың электрлі құралдармен пайдаланып жүргенін тек қана біздің инспектор көрген жоқ. Оны сол қасында отырған орыс жігіт те көрді, ар жағында судың жағасында отырған тағы үш адам көрді. Олардың мылтық атқанын көрді. Олардың қайықтың ішінде жартылай ішінде балығы жатқанын көрді. Олар арғы бетке қашып кеткеннен кейін балығы да өзінде қалды. Электр қармақтары да өздерінде қалды.

Бас директор қарамағындағы инспектор Руслан Загировтың ағайынды балықшылардың жарақат алғанынан бейхабар болғанын айтады. Оны екі күндік іссапардан оралып, акт тапсырған кезде білген.

Еске салайық, Оңтүстік Қазақстандағы Арыс қаласының екі тұрғыны балық аулауға шыққан жерде инспектор оқ жаудырды деген болатын. Олар бірнеше жеріне бытыра тигендіктен, ауруханада ем алып жатыр. Қазір істің мән-жайын полиция тексеріп жатыр. Ағайынды балықшылардың да, инспектордың да әрекетінің заңдылығы тексеріледі. Оқ атқан инспектор 72 сағатқа қамауға алынған.